Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Түзелбеков Қуаныш неке қидырушы жастарға бала тәрбиесі жайында уағыз айтты. Бала тәрбиесі ата-ананың тәрбиесіне тікелей байланысты екендігі, сонымен қатар, баланы тәрбиелеуден алдын өзімізді тәрбиелеу керектігі айтылды.
Бас имам кездесуде: «Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыдағы үлкен идеалымыз – Пайғамбарымыз (с.а.с.). Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейіріміңді алып қойған болса, мен не істейін енді?» – деп реніш білдірген. Себебі мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады.
Мейірімділік жүректі жібітіп, жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық, керісінше, жүректі қатайтады. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады»,- деп, балаға берген жақсы тәрбиенің пайдаларына да тоқталды.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі


18 Қараша 2025
27 Джумада-авваль 1447

