Пайғамбарлар тізбегінің соңғысы, бұл дүние мен ақыреттің мырзасы, адамзат пен жындардың Расулі, екі Харамның имамы, бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген Хазреті Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) — жаратылыстың ең абзалы. Барша жаратылыстың пайда болуына оның нұры себеп болғандықтан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) өмірі мен көркем мінезін толық сипаттау мүмкін емес.
Дегенмен оны түсініп, басқаларға жеткізу – әрбір мұсылман үшін үлкен сауап пен нығмет. Осы мақсатта Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылы «Сахаба» мешітінде, аудан әйел-қыздар секторы Эльмира Аманқожақызының ұйымдастыруымен «Сағындырған Алла елшісі Мұхаммед» атты куиз форматындағы сира жарысы өтті. Жарысқа аудан бойынша «Қордай», «Рахман», «Құдайберген», «Қаракемер-2» және «Сахаба» мешіттерінің шәкірттері қатысып, өзара білімдерін сынға салды. Нәтижесінде, бірінші орынды – «Қордай» мешіті, екінші орынды – «Құдайберген» мешіті, ал үшінші орынды – «Сахаба» мешіті иеленді.
Сайыстың төрелігін Шу ауданы әйел-қыздар секторының басшысы Сәуле Нұрсұлтанқызы атқарды. Барлық қатысушыларға алғыс айтылып, сыйлықтар табысталды. Бұл игі шараның мақсаты – Алла елшісінің өмірі мен өнегесін танып, сүннетін бекем ұстануға үндеу болды. Сүннетті өміріне серік еткен, соңғы Пайғамбарын шын сүйген жандардан болуды Алла нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



08 Қараша 2025
17 Джумада-авваль 1447

