Біздің халқымыздың әдепті де сыйластық қарым-қатынасқа ежелден-ақ көңіл бөліп келгендігі баршаңызға белгілі. Ұрпақтан-ұрпаққа туысқан бұл өнегені біз қазақтың мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерінен молдап ұштастырамыз. "Ұлық болсаң-кішік бол", "Кішіпейілділік-кішілік емес - кісілік" деген дана халқымыз да әдепке терең мән берген.Кезекті мақаламыз Исламдағы әдептіліктің орны жайында болмақ.
Әдеп, әдебиет сөздері көп қолданылады.
"Әдеп" сөзі қандай мағынаны білдіреді? деген сұраққа дініміз "Жақсы тәрбие", "Жақсы мінез" деген сипаттамалар мен түсініктемелерді береді.
Әдеп адам баласы үшін өте маңызды қадір - қасиет болып саналады. Адам өз айналасындағылармен дұрыс қарым-қатынаста болуы үшін, мейлі бауырымен, мейлі көршісімен, мейлі жанұясымен болсын, қоғамдағы әрқандай орында әдептің орны ерекше рольге ие.Сол себепті де халқымыз ұрпақтарымызды жас кезінен бастап әдепті болуға баулыған. Тіпті ел ішінде "Бала -құрметті, әдебі одан да асқан құрметті" деген нақыл сөзді де естіп жатамыз.
Әдептілігі мен танылған Лұқман Хәкімнен адамдар: "Уа, Лұқман Хакім! Әдепті қай жерден үйрендіңіз?" деп сұраған кезде, Лұқман Хакім: "Әдепті әдепсіздерден үйрендім" деп жауап берген екен.
Адам әуелі әдепті үйреніп, сосын оған амал етуі керек.Данышпандар "Әдебі жоқ адамның ілімі жоқ" дейді. Әдебі жоқ адам надандармен барабар дейді. Хадис шәріптердің бірінде ата-ана өз перзенттеріне көркем әдептен артық нәрсені тарту етіп сыйлай алмастығы айтылады. Әдепсіздік адамға жақсылық әкелмейді. Әдеп арқылы пенде өзінің бойындағы жаман нәпсілерді тежейді.
Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құран аяттары арқылы былай дейді: "(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді...." (Әли Ғимран, 159)
Демек, адамдар Құран аяттарының үкімдеріне амал қылып, әдеп пен мінездерін дұрыстаса екі өмірдің бақытына қол жеткізеді екен. Өйткені Ислам діні әдеп пен ахлақ мәселесін жоғары дәрежеге көтеріп қойған.Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Мүмін пендеге берілген нәрселердің ең жақсысы - көркем мінез бен шырайлы әдеп" дейді.Әбу Насыр әл-Фараби былай деген екен. "Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы". Жақсы әдет, жақсылық жасау бұл қай жерде болмасын – өнеге, өсиет. Мысалы, Мен қандай болуым керек? Адал, мейірімді, кеңпейіл, еңбекқор, сөзінде тұратын, иманды, нағыз адамшыл қасиетті жан болу. Сондықтан да біз бойымызға жақсы қасиеттерді жинап, жаман әдетті жоюымыз керек.
Әбу Һурәйра (р.а.) риуаят еткен хадисте Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардан: "Жәннатқа кіруге себеп болатын амал қайсы амал?" деп сұраған кезде, сахабалар "Алла және Оның Елшісі жақсырақ білуші" деген кезде, Ардақты Елші (с.ғ.с.): "Алладан қатты қорқу және жақсы мінезге ие болып, әдепті болу" деп жауап береді.
Абдулла Әулани айтады: "Әдепті болу жақсы амал, һәм жақсы сипат. Бірақ та ол өз-өзінен пайда болмайды. Ол бірнеше жылдардың, қоршаған ортаның, үйдегі жақсы тәрбиенің жемісі. Адам әркез оған өзі дағдыланып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіре беруі керек". Негізі әдептілік сәлемнен басталады деп жатады ойшылдар.
Әдеп дегенді бір сөзбен немесе бір мағынамен түсіндіре кететін болсақ, жалпы адамның сақтаған әдебіне қарай алған ілімі де соған сай болады. Айтар болсақ, шариғи кітаптарды (дәретпен ұстау шарт болмаса да) дәретпен ұстау білімге деген үлкен құрмет болып табылады.Дәл сол сияқты сөйлеудің де, тыңдаудың да, тамақтанудың да, жүріс-тұрыстың да, киінудің де т.б. көптеген өз әдептері бар. Имам Мәлики шәкірттеріне дәріс берерде таза киініп, сәлдесін киіп, хош иістеніп алып, сосын ғана хадистен дәрістер беретін болған екен.Неге десеңіз, бұл ғалым кісілер өте әдепті жандар болған.Әдептілік таныту арқылы Алладан көптеген берекелер сұраған, әрі дұға-тілектері қабыл болған ізгі кісілерден болып, тарих беттерінде өз есімдері ұмытылмастай орындарға ие болған.
Дәл қазіргі таңда туылғанына 180 жылдық мерейтойы болып жатқан кемеңгер, дана Абай атамыз да өз еңбектерінде "Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, әдептілік, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады" деп, мәдениеттіліктің, әдептіліктің мәнін ашып көрсеткен екен.
Жалпы алғанда Исламда әдептілік кең ұғымды қамтиды. Мұсылман адамды әдеп иесі деуге болады. Ал әдепті құлын Алланың сүйері анық.
Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, Әдептілік – туа біткен қасиет емес, ол ата-анасынан балаға қанмен берілуі мүмкін, бірақ, көбінесе әдептілік өсе келе бойға даритын қасиет. "Әдепті бала – арлы бала" деген дана халқымыз әдептің бастауы ар-ұят деп білген.
Жаратушымыз баршамызды бойымызда көркем мінезбен, шырайлы әдептер табылған құлдарынан етсін! Әдепті болайық, арлы болайық, бар болайық ағайын!
Үмбет Сабырханов
"Ә-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы