Мешіт – мұсылманның жүрегін иманға жақындататын, рухани өмірдің орталығы болып саналатын киелі мекен. Құран Кәрімде: «Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман еткендер ғана салады» (Тәубе сүресі, 18-аят) делінген. Бұл аят мешіттің қоғамдағы орнын айқындап, оның мұсылман қауымының тіршілігіндегі маңызды рөлін көрсетеді.
Мешіт – тек құлшылық орны ғана емес, ол – халықты білімге, тәрбиеге, мейірімге, бірлікке шақыратын орталық. Мешіттен тараған насихат қоғамды ізгілікке бастайды. Әрбір жұма күні жамағат мешітке жиналып, уағыз тыңдап, жүректеріне рухани азық алады. Сол уағыз арқылы қоғамдағы түрлі мәселелердің шешімін табуға, адамгершілікті арттыруға жол ашылады.
Қоғамдағы имамның орны ерекше. Ол – халықтың рухани ұстазы, дұрыс жолға бағыт беруші. Имамның сөзі мен ісі жамағат үшін өнеге болуы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – адамдарға пайдалы болғандарың» деген. Сондықтан мешіттің қызметі тек намаз оқытумен шектелмейді. Ол – халыққа пайдалы істерді үйрететін, жақсылыққа үндейтін мектеп. Қазіргі заманда қоғам түрлі сынақтарға толы. Жастар жат ағымдардың, түрлі теріс идеологиялардың ықпалына түсуі мүмкін. Осындай жағдайда мешіт – олардың жүрегін имандылыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулитын орын. Жастар мешіттен тек діни білім ғана емес, ұлттық дәстүрімізге сай тәрбие де ала алады. Сонымен қатар мешіт – қоғамды біріктіруші күш. Жұртшылық мешітте бір сапта тұрып намаз оқиды. Байы мен кедейі, үлкені мен кішісі, басшысы мен қарапайымы – бәрі тең дәрежеде қатар тұрады. Бұл қоғамда бірлік пен бауырмалдықты нығайтады.
Қорытындылай келе, мешіт – қоғамның жүрегі. Ол халыққа имандылықтың, тәрбие мен бірліктің ордасы болуы тиіс. Мешіттің тіршілігі жанданған жерде қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі. Сондықтан әрбір мұсылман мешітпен байланысын үзбей, оны көркейтуге үлес қосуы қажет. Алла тағала еліміздегі әрбір мешітті нұрға бөлеп, қоғамымызды ынтымақ пен берекеге жеткізсін!
Құрамаев Бақтыбек
«Сыпатай Әлібекұлы» мешітінің имамы