ДІНДЕГІ ТАТУЛЫҚ – ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

ДІНДЕГІ ТАТУЛЫҚ – ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

    Діндегі татулық деген кезде дінін ұстанып, тыныштығын сақтаған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, діни алауыздығы жоқ бейбіт өмір сүріп жатқан ел еске түседі. Қай ұлт, қай ел болса да бейбітшілік пен ашық аспанды, бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдердің қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырау:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын,– деп жырлаған екен. Бабаларымыз бұндай жырлары арқылы діндегі татулық пен тыныштыққа шақырған.

    Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халықтың қамын жеген ұлы тұлға Әлихан Бөкейханов:

«Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», – деп татулық пен ауызбіршіліктен айырылмауға үндеген. Татулықтың баға жетпес бақ екенін, көпшілікпен жақсы қарым-қатынаста болудың берекесін дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп», – деп тектен-тек айтпаса керек. Хәкім Абай атамыз да: «Татулықтан артық жолдас жоқ», – дегенді.

    Ата дініміз Ислам – 15 ғасырға жуық уақыт бойы бейбітшілікті ту етіп, елдің тыныштығы мен тұрақтылығын басты назарда ұстауды ұрандатқан дін. Асыл дініміз Исламға дейінгі қараңғылық пен надандық дәуірінде өмір сүрген рулар мен тайпалардың сан ғасырлар бойы, болмашы себептерге бола өштесіп, бір-бірімен жауласқаны тарихтан белгілі. Соңғы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, күллі адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешіп жатқан еді. Дүние жүзі халықтары наным-сенімі тұрғысынан бір-біріне кереғар топтарға бөлініп кетіп, адамзаттың ынтымағы ыдыраған еді. Адамгершілік, қадір-қасиет аяқ асты етіліп, күштілер әлсіздерге күн көрсетпей табанына салып езумен болды. Міне сондай қараңғы дәуірде Алла Тағала сүйікті пендесі Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндетті жүктеді. Мейірім мен жанашырлықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылықтың, көркем мінез-құлықтың озық үлгісін паш етсін деп Алла Тағала оны бүкіл әлемге тек мейірім етіп жіберді. Бұл жайлы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

«Біз сені әлемдерге мейірім етіп қана жібердік», – деген («Әнбия» сүресі, 107-аят).

    Яғни, мұсылман болсын, християн болсын, мейлі еврей болсын ешкімді бөліп, жармай бүкіл әлемге мейіріммен жіберілген елші екені баяндалып жатыр.

    Иә, Ислам діні қандай тамаша болса, оның мақсаттары да дәл сондай тамаша. Достық, бейбітшілік, баршаға тек жақсылық қалайтын асыл дініміздің басты қағидаларының бірі Құран Кәрімнің мына аятында былай баяндалған:

«Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят). Ислам дінінің хақтығы мен пәктігі осы ұстанымнан анық көрініп тұр. Ол ешкімді өзін қабылдауға немесе мойындауға күштеп мәжбүрлемейді. Керісінше, әркімге таңдау еркін берген. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілдік, әділдік секілді кісіге қажет қасиеттерге шықыратын ұлы дін.

    Ислам дінін ұстанған адамды «мұсылман» деп атаймыз. Мұсылман кісі өзінің атына заты сай бейбітшілікті, тыныштықты, дінаралық татулықты, ұлтаралық достықты қоршаған ортаға іс жүзінде көрсетіп, жая білген тұлға.Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:

«Нағыз мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам», – деп айтқан. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей татулық пен тыныштықты сақтай білетін адам.

    Қасиетті Құранның өзі мұсылман жұртшылығын өзге дін өкілдерімен ынтымақта болуға, діни төзімділікке, ортақ түсіністікке үндейді. Құран Кәрімде аса Қамқор ерекше Мейрімді Раббымыз Алла:

«Ей, адамдар! Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттар еттік. Расында, Алланың құзырындағы ең ардақтыларың ең тақуаларың», – деген («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Асыл дініміз Ислам келумен адамзатты түгелдей түрі мен түсіне, тегі мен нәсіліне, ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай татулық пен тыныштыққа, бейбітшілік пен келісімге, өзара төзімділік пен бір ортақ ымыраға келіп бауыр болуға шақырды. Сондай-ақ, араларындағы дау-дамайлар мен соғыстарды доғарып, бір адамның балалары екендіктерін ұмытпай баршасына достық пен тату-тәтті өмір сүруді бұйырды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Алла сендерді дінде соғыспаған әрі елдеріңнен қуып шығармағандарға жақсылық пен әділдік жасаудан тыймайды. Расында, Алла әділдік жасаушыларды жақсы көреді», – деген («Мумтахина» сүресі, 8-аят).

    Алла Тағала бұл ятта мұсылмандарды өзге ұлт пен дін өкілдерімен, егер олар мұсылмандарға қарсы діни дұшпандықпен соғыс ашпаса әрі оларды қыспаққа алып өз елдерінен шығарып жіберуге тырыспаса, олармен жақсы қарым-қатынаста болуға бұйырумен қатар оларға қатысты әділ болу керектігін нақты айтып жатыр. Осы үкім Ислам дінінің адамдарға қаншалықты жанашыр әрі кеңпейіл дін екенінің жарқын дәлелі. Дініміз өзге діндегілерге жақсылық жасаудан және әлілдік етуден ешкімді тыймайды. Бұндай ұлы үкімді өзге жүйелер де, діндер де жолға қоя алмаған. Исламның туын желбіреткен ардақты Алла Елшісі де, (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзаттың адамдардың өмір салтын күрт өзгертіп, рухани әрі қоғамдық салада ең үлкен әрі жақсы өзгеріс жасады. Адамдардың ой-өрісін ақиқатқа жетелейтін жүректеріндегі мейірім мен рақымды оятты. Кез келген адамды адам болғаны үшін құрметтеуді үйретті.

Ембергенов Амаегелді Назарбайұлы,

«Ар-Рахман Ар-Рахим» мешітінің имамы

Тараз қаласы.  

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: