Бақалы ауылында Мәуліт айына орай «Пайғамбарымыз с.ғ.с – көркем мінездің ең биік үлгісі» атты тақырып аясында игі шара ұйымдастырылды.
Бұл мерекелік жиын тек рухани дәрістермен ғана шектелмей, ауыл жастары мен тұрғындарын бірлікке, бауырмалдыққа шақыратын спорттық сайыстармен жалғасты. Шара аясында садақ ату жарысы және шағын футболдан тартысты ойындар өтті.
Ауыл тұрғындарының арасындағы бұл жарысқа қонақ ретінде Жуалы ауданынан арнайы келген Зиябек ата мешітінің жамағаты да қатысты. Оларға құрмет көрсетіліп, ауыл жастары бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Жарысты Көкбастау ауылдық округіне қарасты Мырзахмет ата мешітінің бас имамы Мұстафаев Бауыржан мен спорт нұсқаушысы Сағынғанов Бақытқали ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді.
Ауылдың игі шаралары әрқашан демеушілердің қолдауымен жүзеге асатыны белгілі. Бұл жолы да жарыс Бақалы және Теріс ауылдарының тұрғындарының демеушілігімен өтті. Шағын футбол бәсекесіне барлығы 6 команда қатысып, әр ойын тартысты әрі қызықты өтті. Әрбір команда жеңіске деген жігерін көрсетіп, көрермендерге керемет ойын сыйлады. Ойын нәтижесінде:
1 орын – 1995 жылы туған жастар командасына бұйырды.
2 орын – қонақ ретінде келген Зиябек ата мешітінің командасы иеленді.
3 орын – 2006 жылы туған жас өрендер командасының қанжығасына байланды.
Жарыс соңында жеңімпаз командалар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл тек жеңіс қуанышы ғана емес, ауыл жастары үшін ынтымақ пен достықты нығайтатын үлкен мереке болды.
Мәуліт айының мерекелік шарасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көркем мінезін үлгі етіп, халықты ізгілікке, татулық пен бірлікке шақырудың бір көрінісі болды. Осындай игі бастамалар жастардың спортқа, салауатты өмір салтына қызығушылығын арттырып қана қоймай, ауылдастардың арасындағы ынтымақ пен ауызбіршілікті де бекемдей түсті.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.