Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Шын мәнінде, ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы – білім алу және іздену. Құранда «білу» деген мағынаға саятын «‘илм» түбірінен туындаған 780 сөздің кездесуі осының айғағы.
Сондай-ақ ғылымның маңызын ұғыну үшін «хикма» (даналық) және «хаким» (ғалым) сөздерінің жиі қолданылуына назар аударған жөн. Осыған орай Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылындағы, «Қаракемер-2» мешітінде әйел-қыздарға арналған арнайы дәрісхана аудан ұстаздарына таныстырылды. Мұнда бір кіші және бір үлкен сынып бөлмесі жабдықталып, дәрісханаларда білім алуға барлық қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа бастаманы өз көздерімен көрген ұстаздар ризашылықтарын білдірді. Ұрпақтарымыздың салихалы болып, білім алуына жағдай жасау – әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала білімді, парасатты жастарымызды көп қылғай!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі