الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!
Қай кезеңде немесе қай халықта болмасын ұлттық құндылықтардың халық өмірінде алатын орны ерекше. Өйткені халқымыздың атақты ақыны Мағжан Жұмабаев: «Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң, сол қалпы өсе береді», – деп, тәрбие берілетін балалық шақтың маңыздылығын көрсеткен. Расымен де балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алады. Бесікте жатқан балаға бесік жыры, өсе келе үйретілетін батырлар жыры және баланың өміріндегі жүзеге асырылған басқа да салт-жоралар адам өмірінде тұлға болып қалыптасу үшін ең қажетті элементтер. Бүгінгі таңдағы жас ұрпақ балалық шақтан бастап, ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбие алуы шарт. Мұндай тәрбие көрген перзент ертеңгі күні елім, жерім дейтін жастарға айналары сөзсіз. Өйткені ұлттық құндылықтардың негізгі көріністері отансүйгіштік, отбасының бүтін болуы, қоғамға пайда тигізуі секілді дүниелерден тұрады.
Тарихты ақтарар болсақ, еліміздің ерлері – батыр, қыздарымыз – ибалы болған. Әсіресе, тәрбие беруде аналарымыздың рөлі орасан зор. Сондай аналардан Абай, Шәкәрім, Мағжан, Бауыржан сонымен қатар кешегі Алаш зиялылары сынды көптеген ағартушылар, батырлар, ғалымдар дүниеге келген.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді оттан (тозақтан) қорғаңдар», – деген («Тахрим» сүресі, 6-аят).
Бұл аятты хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Оларды, яғни өз отбасыларыңа әдеп, тәрбие, ілім үйретіңдер!» – деп түсіндірген.
Бұл аят ата-ана отбасының – иесі, тәрбиешісі мұғалімі екендігін меңзейді. Яғни, мұсылман адам бірінші – өзін, екінші – отбасын тозақтан сақтау үшін әрекет етуге міндетті. Ата-ана – тәрбиеші, өзінің де, отбасының да діни әрі рухани амандығына жауапты. Тәрбие – тек жақсы сөзбен емес, ілім үйрету, еңбек ету және үлгі көрсету арқылы жүзеге асады.
Балаға берген әрбір ұлттық тәрбие зәредей зиян алып келмейді, керісінше пайдасын тигізеді. Ұлттық құндылықтардың арасында мақал-мәтелдер де өзіндік орынға ие. Бабаларымыздың айтқан әрбір сөздерінің мәні түпсіз терең тұңғиық. «Балаң өзіңе тартса жұбан, қоғамға тартса қуан», – деп бекер айтпаған дана халқымыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا نَحَلَ وَالِدٌ وَلَدًا مِنْ نَحْلٍ أَفْضَلَ مِنْ أَدَبٍ حَسَنٍ
«Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мұра қалдырған емес», – деген (имам Термизи).
Бұл хадис – әкенің баласына рухани байлық беруі – нағыз шынайы мұра екенін ескертеді.
Бірде Сағд ибн Башир (Алла оған разы болсын) Алла Елшісіне келіп: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! «Мен осы ұлыма (яғни, Нұғман ибн Баширге) бір құлды тарту еттім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
«Балаңа беретін ең үлкен тарту – көркем тәрбие», – деп, есіне салған екен.
Адам баласына берілген жақсы тәрбие адамды биік дәрежеге жеткізетін үлкен құндылық. Егер балаға дұрыс бағыт көрсетіліп, жақсы мен жаманның арасы үйретілсе, ол қарапайым адам бола тұра, рухани биіктікке, адамдық кемелдікке жете алады. Бұл – Ислам іліміндегі тәрбиенің мәнін ашатын тамаша ұғым.
Қазақ халқының сан ғасырлық мәдениеті мен салт-дәстүрі – ислам дінімен біте қайнасқан. Ата-бабаларымыз имандылықты – рухани тірек,
әдептілікті – ұлттық сипат, шариғатты – өмір заңы деп білген. Қазақы тәрбие «обал», «сауап», «құдайдан қорқу», «жамандықтан тыйылу», «үлкенге құрмет» сынды исламдық түсініктермен өрілген. Ұлтымыздың «Имансыздың іші қара, тәрбиесіздің ісі қара» деген сөзі соның айғағы. Тәрбиенің негізі – иман мен ізгілік, ал оны ұлттың өзегіне сіңірген – ислам діні мен халықтың рухани болмысы. Қазақ зиялылары барлығы дерлік иманды тұлғалар, олар тәрбиенің негізін Алладан қорқу, білім мен тәрбие деп түсіндірген. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلًا سَدِيدًا
«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және әрдайым дұрыс сөз сөйлеңдер!» – деген («Ахзаб» сүресі, 70-аят).
Бұл аяттың бірінші бөлігінде: «Алладан қорқыңдар» – делінеді. Бұл – кез келген тәрбиенің ең басты тірегі. Адам баласы Алладан қорыққанда ғана:
- Жамандықтан тыйылады;
- Ар-ұятын сақтайды;
- Адалдықты өмір салты етеді.
Тақуалықсыз тәрбие – тамырсыз ағаш іспетті. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру деген сөз. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Балаға білім мен әдеп үйрету маңызды, бірақ егер оның жүрегінде Алладан қорқу болмаса, бәрі әлсіз болады. Дана халқымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі бекер емес. Тәрбие сөз бен іс арқылы беріледі. Аятта: «әрдайым дұрыс сөз сөйлеңдер» – деп бұйырған. Бұл – баланы дұрыс сөйлеуге, әділетті болуға, өтірік пен жаладан сақ болуға тәрбиелеу керектігін меңзейді. Дұрыс сөз – жүректегі иманның белгісі. Дұрыс сөз – отбасы, қоғам, мемлекет ішіндегі сенімділік пен тұрақтылықтың кепілі. Жақсы сөз – жүрекке жылулық, өзгеге әсер ететін рухани тәрбие құралы. Бір көркем сөз – бір адамның өмірін өзгертіп, жүрегіне иман себуі мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إنَّ العَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بالكَلِمَةِ مِن رِضْوانِ اللَّهِ، لا يُلْقِي لها بالًا، يَرْفَعُهُ اللَّهُ بها دَرَجاتٍ، وإنَّ العَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بالكَلِمَةِ مِن سَخَطِ اللَّهِ، لا يُلْقِي لها بالًا، يَهْوِي بها في جَهَنَّمَ
«Расында пенде Алланың разылығына себеп болатын бір сөз айтады, бірақ ол сөзге мән бермейді. Алайда Алла оны сол сөздің себебімен биік дәрежеге көтереді. Ал енді басқа бір пенде Алланың ашуына себеп болатын бір сөз айтады, бірақ оған мән бермейді, сол сөздің кесірінен тозаққа құлайды», – деген (имам Мүслим).
Тәрбие – ұлттың тамыры. Халық «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Себебі ұрпақ тәрбиесінің іргетасы ұлттық құндылықтарға сүйенбесе, ол тәрбиенің нәтижесі де баянсыз болмақ.
Ұлттық құндылық – бұл ата-бабамыздан мирас болған тіліміз, дініміз, діліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тарихымыз, рухани мұрамыз. Ал осы құндылықтар арқылы тәрбиеленген ұрпақ қана еліне, жеріне, ұлтына адал, арлы азамат бола алады. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өнеге жолы бар. Батыр бабаларымыз ел үшін жанын қиғанда, ақын-жырауларымыз ұрпаққа ақыл-өсиет айтқанда, бәрінің түпкі мақсаты – ұлттың болашағын сақтап қалу еді. Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны тәрбиенің негізгі тетігі ету – әрқайсымыздың міндетіміз. Жас ұрпақ тек білімді, технологияны меңгерген заманауи азамат қана емес, ұлттық рухы биік, өткенін ұмытпаған, тарихын қастерлейтін, дініне берік тұлға болып қалыптасуы тиіс. Ұлт тәрбиесі – ең алдымен отбасынан басталады. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – дейді.
Ал дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Дін өмірдің мәні мен мақсатын ашады, адамның ішкі жан дүниесін байытып, өнегелі көзқарас пен әрекет қалыптастырады. Ал, қазақ үшін имандылық тәрбиесі ата-бабасынан ұласқан, жанына жақын, қанына сінген, ұласпалы ұғым, педагогикалық тұщымды категория.
«Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, Перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» деген Шал ақын. Ұрпақ сүю – үлкен нығмет. Дүниені көрікті ететін – бала-шаға. Алла Тағала қасиетті Құранда:
الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا
«Мал-дүние және бала-шаға – дүние тіршілігінің сәні», – деген («Кәһф» сүресі, 46-аят).
Бала үшін еңбек етіп, әрекет қыласың. Олар үшін қуанасың, олар үшін қам жейсің. Сондықтан Алла ұрпақ нәсіп етсе, оған шүкірлік етіп, тәрбиесіне көңіл бөлу қажет.
Ата-ана ең әуелі балаға жақсы білім беріп, Алланы таныту керек. Сахаба хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Баланың ең үлкен дұшпаны кім десеңдер? Оған Алланы танытпаған, бұл дүниеде мәңгі өмір сүретіндей тәрбиелеген әке-шешесі», – деп айтқан екен.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаға ең алдымен Жаратушысын танытуды өсиет етіп былай айтқан:
اِفْتَحُوا عَلَى صِبْيَانِكُمْ أَوَّل كَلِمَةٍ بِلا إِلَهَ إِلَّا اللهُ وَلَقِّنُوهُمْ عِنْدَ المَوْتِ لَا إِلَهَ إِلَّا الله
«Перзенттеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә иллалламен» бастаңдар және өлер кезінде «Лә иләһә иллалланы» айту керектігін үйретіңдер», – деген. Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – қасиетті Құран мен пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне көңіл аударған жөн.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадисінде бала тәрбиесіне қатысты мынадай кеңес береді:
مَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ فَلْيُحْسِنْ اِسْمَهُ وَأَدَبَهُ فَإِذَا بَلَغَ فَلْيُزَوِّجْهُ فَإِنْ بَلَغَ وَلَمْ يُزَوِّجْهُ فَأَصَابَ إِثْمًا فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى أَبِيهِ.
«Кімнің баласы туылса, оның есімін жақсы етіп қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде (яғни есейген соң) оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса, оның күнәсі әкесіне».
Сондықтан ата-ана ізгі ұрпақ тәрбиелейтін болса, оларға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет пен шексіз қошемет болады.
Құрметті жамағат!
Балаға ұлттық құндылықтарды сіңіруді ертеден бастау қажет. Бала ана тілін, ата дәстүрін, салт-санасын, тарихын құрметтеп өссе, оның бойында ұлтжандылық қасиет қалыптасады. Абай атамыз: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп текке айтпаса керек. Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесінде кемшілік болса, оған ата-ана, мұғалім, қоғам, қысқасы баршамыз жауапты боламыз.
Біз ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ғана жастарымызды теріс әрекеттерден, дәстүрімізге жат мәдениеттен, дінімізге қайшы жат ағым мен адасудан сақтай аламыз. Ұлттың болашағын қалыптастыратын ең маңызды құндылықтардың бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ асыл міндетіміз. Өйткені өскелең жас буынның бойындағы рухани дағдарысты болдырмау – бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. Сонымен қатар ата-ана әрдайым өз перзенттері үшін игі дұғада болу. Олардың тәрбиелі, салиқалы болуы ата-анасының дұғасына тікелей қатысты. Бұл жайында Құранда мысалдар көп. «Фұрқан» сүресінің, 74-ші аятында:
وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا
«Сондай-ақ олар: Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің. Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!» – деп дұға жасайтын кісілердің мысалын баяндайды. Сондай-ақ қасиетті Құранда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың да мынадай дұғасы бар:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاةِ وَ مِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَ تَقَبَّلْ دُعَاءِ
«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымды намаз оқитындардың қатарынан ет! Раббымыз, дұғамды қабыл ала гөр!».
Қадірлі жамағат!
Жуырда «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңға қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімдерді (ниқаб т.б.) киюге тыйым салуға қатысты түзетулер енгізілді.
Аталған тузетулердің мақсаты – тұлғаны идентификациялаудың тиімділігін арттыру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың алдын алу механизмдерін күшейту.
Өздеріңізге мәлім, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, киіммен бетті жасыру құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған кезде тұлғаны анықтауды айтарлықтай қиындатады. Жаппай тәртіпсіздіктер мен төбелестерге қатысушылар, оның ішінде футбол жанкүйерлері, беттерін шарфтармен немесе маскалармен жауып алған кезінде, оларды қазіргі заманғы бейнебақылау жүйелері арқылы да тану қиынға соғады. Тәртіпсіздік жағдайлар мәдени, спорттық және мерекелік ірі шаралар кезінде тіркеледі. Мұндай әрекеттер ұрлықтар, вандализм немесе түрлі бұзақылық кезінде де орын алады. Ал әйелдердің бет-әлпетін жабуы шариғатымызда да міндеттелмеген.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мұсылман қауымына мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде мұсылман әйелдерінің бет-әлпетін жабуы қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда.
Алла Тағала қасиетті Құранда әйел кісілердің әурет жеріне қатысты аятта:
وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَلْيَضْرِبْنَ بِخُمُرِهِنَّ عَلَى جُيُوبِهِنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ
«Мүмин әйелдерге айт: «(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері (беті, қол-аяқтары) бұдан тыс және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін», – деген («Нұр» сүресі, 31-аят).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Уа, Әсма! Балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес деп, беті мен екі қолын көрсеткен» (имам Әбу Дәуід).
Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған.
Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды.
Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, өз халқымыздың дәстүрін бекем ұстап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей білуіміз қажет.
Алла Тағала елімізге тыныштық, жүрегімізге иман байлығын нәсіп етсін!