Айшабибі ауылы «Айшабибі» мешітінің имамы Қатарбай Таджибаев мешіт жамағатына «Дін мен дәстүр» тақырыбында уағыз- насихат айтты. Қазақ жеріне Ислам діні VIII ғасырда келді. Сан-ғасырдан бері ата-бабаларымыз Ислам мәдениетімен сусындады. Ислам діні халқымыздың салт-санасына тереңнен бойлады. Соңында дін дегенде – дәстүріміз, дәстүр дегенде – дініміз ойға оралатын жағдайға жеттік.
Қазақтың дәстүріне балта шабу – Ислам мәденениетіне балта шабу. Ислам мәдениетіне балта шабу – қазақтың салт-дәстүріне балта шабу болып табылады. Сондықтан да, қазіргі таңда деструктивті ағымдардың негізгі көздегені – салт-дәстүрімізді жоққа шығару арқылы, сара жолмен келе жатқан дәстүрлі Ислам мәдениетін, құлшылық қағидаларын, діни түсініктерімізді, мәдениетіміз бен менталитетімізді жою.
Қазақта «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген нақыл бар. Әрине, Ислам діні бір елді мекенге келгенде сол елдің бұрынғы әдет-ғұрыптары мен салтын, егер Құран аяттары мен хадистерге қайшылық келтірмесе өз мәдениеті мен шариғатының аясына алып, сабақтасып кетеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі