Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінде Отбасылық кеңес беру орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына Жамбыл облысы бойынша «дін мен дәстүр» бағытына жауапты маман Ғайырфулла Әмірбеков арнайы келіп, жаңадан үйленген жастарға отбасылық кеңес берді.
Ғайырфулла имам сөзінің басында: «Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы ауқымды, терең екенін отбасы құрған жандар ғана ұқса керек. Себебі, отбасы болу тек неке қиып, бірі күйеу, бірі келін атану ғана емес. Отбасыны бүтін бір мемлекет деп алсақ, сол мемлекеттің дамуына, көркеюіне, құламауына үлкен күш жұмсау қажет болады. Ал мемлекетті мықтап ұстап тұру үшін темірдей тәртіп, өзіндік ережелер сақталған дұрыс.
Отбасының әр мүшесі өз орнын біліп, міндеттерін жақсы атқарса, ол отбасының болашағы жарқын, ғұмыры ұзақ болмақ. Шариғатымыз осы отбасындағы, оның ішінде ер адамның міндетін жеке, әйел адамның міндеті жеке дара көрсетіп кеткен»,- деп, пайдасы мол кеңестерімен бөлісті.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі