Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылдық мешітінің имамы Батыр Қырықбайұлы әкімшілік қызметкерлерімен кездесіп, діни жат ағымдардың зардабынан сақтандыру жұмысын жасады.
Батыр имам жиында жат діни ағым өкілдерінің сенімі мен ұстанымдарын тілге тиек ете отырып: «Күпірлікте айыптау – адамның сөзіне емес, шариғатқа негізделеді. Бұл құқық Алла мен Оның елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғана тән.
Имам Ибн Абидин (Алла оған разы болсын): «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Егер мен мүминнің күпірліклікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірліклікте айыптамас едім», – деген.
Қатардағы қарапайым адамның біреуді күпірлікте айыптауы үлкен күнә болып табылады. Сонымен қатар, сол айыптауы орынсыз болса өзіне оралатындығы жайында сүйікті пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ескерткен.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз,- деп, кеңінен баяндап өтті.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі