Құрбан айт халықтың бірлігін, татулығын және имандылығын айқындайтын ұлық мереке. Мұсылман қауымның үш күн қатарынан тойлайтын қасиетті күндері құрбандық шалынып, құдайы ас таратылады. Міне иісі мұсылманның ұлық мерекесi – Құрбан айт та келдi. Шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін қасиетті күнді халқымыз ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге балап, құрбан шалуды игі іс санаған. Бұл айтулы күндері еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сауапты іс жасап, көптің батасын алады.
Аллаға мың да бір шүкір. Ел тәуелсіздігі арқасында қасиетті де қадірлі мерекелерді бүгінде ел болып күтеміз. Жаратушы Ием бізді осы берекелі күнімізден, ынтымақты тіршілігімізден айырмасын. Ел жүгін арқалаған барша азаматтарға Алла жар болсын! Барлық мұсылман қауымның ұлық мейрамы – Құрбан айт мүбарак болсын!, – деді ауыл имамы Рахымбек Кенжебайұлы.
«Тілеш қажы» мешітінің ауласында дін мен дәстүрді насихаттау мақсатында қол күрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды спорттық жарыстар өтіп, кім мықтыны анықтады. Жігерлі жастар қауымы жарыс көркін қыздырып, қиқулата бір-біріне шабыт берді. Үздіктерге арнайы ауыл кәсіпкелері дайындаған бағалы сый-сияпаттарды үлестірді.