Құрбан айт – Ұлық мереке!

Құрбан айт – Ұлық мереке!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 "Айт" сөзі арба тілінің "ғид" сөзінен алынып, "мереке, мейрам" деген мағынаны білдіреді. Асыл дінімізде екі айт мерекесі бар. Рамазан айты (Ғид әс-сиғар, Ғид әл-фитр) және Құрбан айты (Ғид әл-кәбир, Ғид әл-әдха). Дініміз бойынша айт күндері ай күнтізбесіне қарап белгіленеді. Құрбан айты Зулхижжа айының оныншы күніне тура келеді. Бұл айдың алғашқы он күндігінің қасиеттері жайында көптеген жерлерде айтылады. Алла Тағала Құранда Фәжір сүресінің 1-3 аяттарында: "Ағарған таңға серт. Құрбан айының алғашқы он кешіне серт. Әр жұп пен таққа серт", - деп баяндайды.

Жұп дегендегі мақсат Зулхижжа айының алғашқы оныншы күні меңзелуде. Тақ дегендегі мақсат тоғызыншы күні айтылуда. Имам Нисабури: "Алла Тағаланың Зулхижжа айының осы бір оныншы күнімен де ант беруі, бұл күннің қасиетті екендігін аңғартуына дәлел болады", дейді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. Алла Тағала үшін ғибадат қылуға зулхижжаның он күнінен артығырақ күн жоқ. Оның әр күндік оразасы бір жылдық оразаға, әр түнгі құлшылығы Ләйләтул Қадір түніндегі ғибадатқа тең деген. Және басқа бір хадис шәріпте "Алла Тағаланың құзырында зулхижжаның он күнінде жасалған ізгілікті амалдардан артығырақ, әрі ұнамдырақ күн жоқ. Бұл күндерде Алланы еске алуды, мадақ-мақтау айтуды, пәктеуді, дәріптеуді және ұлықтауды көбейтіңдер", деген.

           Құрбан сөзінің мағынасы "жақындау" дегенді білдіреді. Шариғаттағы мағынасы "Алла Тағалаға жақын болу ниетінде белгілі бір уақытта, белгіленген бір малды сою" дегенді білдіреді. (Әл-Мұхтасар әз-Зәрури" кітабы). "Белгілі бір уақыт" дегені Зулхижжа айының оныншы, яғни айттың бірінші күнінен бастап үшінші күнгі күн батқанға дейінгі уақытты айтуда. "Белгіленген бір малды" дегені қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын айтуда.

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп? деген сұраққа шариғатымыз:

1.Мұсылман болу.

2.Басы бос, азат болу.

3.Нысап иесі болу.

4.Муқим болу. Яғни жолаушы болмауы керектігін айтады.

Алла Тағала Құран Кәрімнің Хаж сүресінде: "Біз әрбір үммет үшін, өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар. (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр",- дейді. (Хаж, 34). Демек, Алла жолында құрбандық шалу Жаратушымызға жасалған ғибадаттардың біріне жатады.

Құрбандық шалу хижри жылдың екінші жылында уәжіб (міндет) болған болса да, алайда оның тарихы арырақтан, яғни Ибраһим пайғамбардың заманына барып тіреледі әрі бұл амал біздерге Ибраһим пайғамбардан ғибрат болып қалған үрдіс амал болып саналады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Құрбандық шалыңыздар! Ол біздерге бабамыз Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған сүннет", деген. (Әбу Дауд риуаяты).

Ибраһим ғ.с. пайғамбарға түсінде: "Сен өз перзентіңнің (ұлыңды) жанын бізге пида ет!" деген бұйрық болды. Ибраһим (ғ.с.) бұл үкімді баласы Исмағилге баяндайды. Исмағил болса "Әй, Әкешім, сізге (түсіңізде Жаратушы тарапынан) бұйырылған үкімді орындаңыз, Алла қаласа мені сабыр етушілерден табасыз" деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар ұлы Исмағилді құрбандыққа шалу ниетінде бауыздамаққа кіріскен кезде пышағы өтпеді. Өйткені Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға "бауыздаған, сойғын" деп, ал пышаққа болса "өтпегін, соймағын" деген үкімді бұйырған еді. Неткен хикмет десеңізші! Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар ашуланып, пышаққа: "Саған не болған, неге өтпей қалғансың?" дейді. Пышақ: "Әй, Ибраһим! Сіз өз ісіңізді орындадыңыз, мен өз ісімді орындаймын. Өйткені сізге басқа үкім, маған басқа үкім берілген",дейді. Сол кезде ғайыптан: "Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңді орындадың!" деген дауыс келді. Бұл қисса жайында Алла Тағала былайша баян етеді: "Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмағилдің орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!".

           Алла Тағала оның бұл амалына, ниетіне разы болып, үлкен баға берді. Өйткені ол Раббысының бұйрығын бұлжытпай, толық орындауға нық кіріскен еді.

          Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға жүргізген Ислами тәлім сұхбаттарының бірінде, соның ішінде Құрбан айты жайында сөз ете келе: "Құрбандық күндерін мереке ету үшін бұйырылдым, оны Алла бүкіл үммет үшін мейрам қылды", деген.

 Құрбан айты ұлық мереке. Бұл күндерде айналамызға мейірімділік танытуымыз абзал іс, сондай-ақ жетім-жесірлерге садақалар, қария-қарттарымызға сый-құрмет, мұқтаждарға жәрдем, науқастарға зиярат жасау, ата-аналардан хабар алып, оларға деген түрлі қызметтер жасау, ренжіскендерді татуластыру сияқты т.б. көптеген ізгі амалдарды орындау сауапты істерден саналады.

Ал, енді құрбандық шалуға тоқталар болсақ, құрбан айт намазы оқылған уақыттан бастап, айттың үшінші күнгі күн батқанға дейінгі уақыт аралығында құрбандық малдары шалынады.

Құранда Алла Тағала: "Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал",- дейді.

Құрбандықтың етін үш бөлікке бөліп, бір бөлігін жақын туыстарға, бір бөлігін мұқтаж адамдарға немесе мұқтаж отбасыларға үлестіріп, қалған бір бөлігін өз жанұясына қалдырған абзал, әрі мұстахаб амал.

Дініміз Құрбан айт күндерінде баршамызға кейбір уәжіб және сүннет амалдарды орындауға бұйырады. Мысалыға айтар болсақ, Арапа күнінің таң намазынан бастап айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі аралықта, яғни 23 намаздың әрбір парызынан кейін тәкбир ташриқ айту уәжіб болып саналады.

Айт күні таңда ғұсыл алып, хош иіс себініп, ең көркем, ең таза киімдерін киіп, айт намаз оқылғанша еш нәрсе жемей, айт намазына ерте бару сүннет амалына жатады.

Биыл Құрбан айт намазы Жамбыл облысы бойынша 6 маусым жұма күні сағат таңғы 6 да оқылады. Алла баршамызды айттан айтқа аман жеткізіп, есен қауышуды жазсын!

 Қуаныш Түзелбеков

Тұрар Рысқұлов ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: