Қадірлі ағайын, ардақты жамағат!
Баршаңызды күллі мұсылман жұрты үшін қасиетті де қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Айт мейрамы елімізге, әрбір отбасыға амандық, ырыс пен ынтымақ әкелсін!
Құрбан айт – Жаратқанның разылығына жетелейтін, иманды арттырып, жүректерге тыныштық ұялататын ерекше мейрам. Бұл күндері мұсылман баласы Алла Тағалаға шүкір айтып, мүмин бауырларына мейірім көрсетіп, құрбан шалу арқылы Жаратушымызға жақындай түседі.
«Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағына береді. Ал шын тақуалық пен шынайы ықылас – пендені Жаратушысына жақын ететін ең ұлы құндылық. Құранда: «Олардың еттері мен қандары Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»
(«Хаж» сүресі, 37-аят) деп баян етіледі.
Құрбан айт – тек қана құрбандық шалумен шектелмейтін, шынайы жанашырлықтың, кеңпейілділік пен бауырмалдықтың жарқын көрініс табатын сәті. Бұл күндері көңілдерге қуаныш сыйлап, мұқтаждың қажетіне жарау – сауапты амалдардың ең абзалы.
Айт намазына қатысу, ағайын-туыспен, көрші-қолаңмен байланыс орнату, жетім мен жесірдің көңілін аулау – Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) өсиет еткен игі жолы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адам баласы Құрбан айт күні Алла алдында құрбан шалудан артық сүйікті амал жасай алмайды»
(Тирмизи).
Міне, осы күндері жасалған әрбір қайырлы іс – бізді Алла разылығына жақындатады. Ендеше, Құрбан айт мейрамын тек думан ретінде ғана емес, рухани тұрғыда да лайықты қарсы алып, жүректегі иманымызды бекемдейік!
Баршаңызға амандық, отбасыларыңызға тыныштық, елімізге береке мен бірлік тілеймін! Құрбан айт мейрамы құтты болсын!
Асқар Зәкіржанұлы
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы