Біздің қазақ қоғамы, жалпы мұсылман әлемі әрқашан отбасының беріктігімен ерекшеленген. Себебі отбасы құндылығы – барша мұсылманның қастерлі ұғымы. Тіпті иман мен неке сонау Адам (оған Алланың сәлемі болсын) атадан бастап, осы уақытқа дейін, тіпті жәннатта жалғасатын құлшылық саналады.
Некенің тілдік мағынасы «байлану» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – ер мен әйелдің шариғаттың көрсеткен жолымен неке қию арқылы байлануы. Алла Тағала Құран Кәрімде үйлену, некелесу туралы былай деген: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғаныда – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят).
Расында Алла Тағаланың үйленуді шариғатқа енгізуінде ұлы даналық, асыл мақсат және терең мағына бар. Өмірге салиқалы ұрпақ әкелу тәрбиелі, ұяты бар иманды жар таңдаудан басталады. Үйлену – адамзат болмысын, сонымен қатар тектілікті тексіздіктен сақтаудың шариғаттағы ең тура жолы. Некемен басталған екі жастың бас қосуы берекелі әрі өмірге дені сау, таза ұрпақ әкелуіне себеп. Таза, текті қоғамда жақсылықтар көбейіп, жамандықтар азаяды.
Ислам ғалымдары үйленуді адамның мүмкіндігіне қарай бірнеше сатыға бөліп қарастырады. Ал жалпы некенің үкімі – сүннет. Сондай-ақ барлық пайғамбарлардың сүннеті. Алла Тағала Құранда: «Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз», – деген («Рағыд» сүресі,38-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлену – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менің үмбетім емес. Үйленіңдер, өйткені басқа үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын», – деген.
Ғалымдарымыз неке ғибадатқа жақын деген. Өйткені әр адам үйлену арқылы дінінің жартысын толтырады. Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Алла Тағала кімге салиқалы әйел нәсіп етсе, ақиқатында оның дінінің жартысына көмектескені. Олай болса ол қалған жартысында тақуалық етсін».
Үйленудің рүкіндері. Ханафи мәзһабында некенің рүкіні – ижап пен қабул. Ижап дегеніміз үйленгелі жатқан екі тараптың біріншісі отбасын құруды білдіретін сөзді айтуы. Ал қабул екінші тараптың бірінші жақтың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөзді айтуы.
Үйленудің дұрыс болу шарттары. Үйлену келісімі дұрыс болу үшін міндетті түрде орындалатын шарттар бар. Шариғат талап еткен шарттар толық орындалмаса, неке қиылмайды. Неке қиылуы үшін төмендегі шарттар орындалуы тиіс: 1) Некелесу кезінде тұрмысқа шығып жатқан әйел үйленуге рұқсат етілгендер санатынан болуы керек. Егер тұрмысқа шығып жатқан ер кісіге үйленуі мәңгілікке арам болған қан туыстығы не сүт туыстығы болса, қайын жұрттық туыс (мысалға, әйелінің сіңлісі,оның нағашы әпкесі, немере әпкесі) немесе біреудің некесіндегі әйел және басқа бір ер кісіден талақ алып идда мерзімін күтіп отырған әйел т.б болса, неке дұрыс болмайды. Бұл шартты Ислам ғұламаларының бәрі бекіткен.
2) Куәгердің болуы. Неке талап етілген шарттары толық қамтылған ең кемі екі куәгердің қатысуы арқылы қиылады. Тағы бір міндеттелген нәрсе – некені адамдарға жариялау. Ал жариялаудың жолы – некеге куәгер болу. Себебі хадисте: «Куәгерсіз неке дұрыс емес», – делінген. Неке қию рәсімінде орындалуы тиіс куәгерліктің шарты төртеу. Олар – екі куәгердің бас бостандығының болуы, балиғат жасына жетуі, ақыл-есі дұрыс болуы және үйленіп жатқан екі тараптың сөзін бірге тыңдауы. Ханафи мәзһабында куәгерлердің барлығы ер кісі болу шарт емес. Екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел кісі куәлік етсе жеткілікті. Сондай-ақ ол екеуінің көзінің көруі, әділ болуы, ерлі-зайыптыларға бөгде болуы да шарт емес. Егер екі куәгердің бірі балиғат жасына жетпеген жас бала, жынды, саңырау болса немесе неке қию сәтінде ұйықтап қалса, неке дұрыс болмайды.
3) Қоғамның талабына сай, қыздар тұрмысқа шыққанда атаанасының бірі міндетті түрде бұл некеден хабардан болуы, ризашылығын білдіруі керек. Қыздың уәлиі болмаған жағдайда өзінің
ризашылығын білдіретін өкіл кісіні жіберуін талап ету қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсы бір әйел уәлиінің рұқсатынсыз
тұрмысқа шықса, оның некесі дұрыс емес», – десе, тағы бір хадисте: «Уәлисіз неке жоқ», – делінген.
Әйелге берілетін мәһр. Әйелдің неке қиярда күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы мәһр деп аталады. Шариғат бойынша мәһр беру – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ол үйлену келісімінің бір үкімі немесе нәтижесі ретінде қаралады. Бірақ некені қиған сәтте, күйеуіне мәһрді беру міндеттемесі жүктеледі.
Қорыта айтқанда, некелесу, отбасы құру – Алла Тағаланың адамзат арасына қойған заңы, ерлізайыптылар арасындағы жауапкершілік, бір-бірінің алдындағы міндеті. Жас жұбайлар шариғатымызда айтылған тәртіптерді бекем ұстаса, бақытты болады.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ