БАЙЗАҚ: БАС ИМАМ МЕШІТ ЖАМАҒАТЫНА НАСИХАТ АЙТТЫ

БАЙЗАҚ: БАС ИМАМ МЕШІТ ЖАМАҒАТЫНА НАСИХАТ АЙТТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Тегістік ауылдық «Тегістік» мешітінің жамағатымен кездесіп «Уақып – сарқылмас қазына» тақырыбында насихат айтты.

Бас имам насихатында: «Асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі ұстау, тоқтату, кедергі болу деген мағыналарды білдіреді. Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз.

Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының  және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп амал болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Уақыпқа Құран мен сүннет және ижмағ (Ислам ғұламаларының көпшілігінің мақұлдауы) дәлел бола алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында:«Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).

Аталмыш хадиске түсіндірме берген ғалымдар: «Хадистегі «жалғасып тұратын садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса, уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», – деген.

Ибн Омар (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересіз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң, ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да берілмейтін етіп садақа етеді», - деді.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: