Шу ауданындағы Төле би мешітінің әйел-қыздар секторының ұстазы Насихат Доғдырбайқызының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айымен қоштасу мақсатында «Қош бол, айлардың сұлтаны – Рамазан!» атты рухани кеш өтті.
Рамазан айымен қатар келген әз-Наурыз мерекесіне орай кеш қонақтары ұлттық киімдерін киіп, ата-бабамыздан қалған асыл мұра – «Наурыз көжеден» дәм татты. Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында қазақтың дәстүрлі ойындары ойнатылып, кеш ерекше рухани әрі мерекелік сипатқа ие болды.
Жиында қасиетті Құран аяттары оқылып, жүректерге иман нұрын себелеген уағыздар айтылды. Сондай-ақ, шәкірттер арасында шариғи сұрақтар қойылып, білімімен көзге түскен жандарға арнайы сыйлықтар тарту етілді.
Кешке Шу ауданының ұстаздары құрметті қонақ ретінде қатысып, өздерінің ақ баталары мен жылы лебіздерін білдірді. Рамазан айының қоштасу тасбихы айтылып, жамағаттың көзіне жас алып, қасиетті аймен қимай қоштасқан сәті ерекше әсерге бөледі. Көпшілік Рамазан айының рухани тереңдігі мен шапағатын сезінгендерін айтып, келесі жылы бұл қасиетті айды асыға күтетіндерін жеткізді.
Кеш соңында ұстаздарға арнайы сыйлықтар табыс етіліп, рухани шараның маңызы жоғары екендігі тағы бір мәрте айшықталды.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.