Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық алаңда Наурыз мерекесіне орай 100 баланың тұсаукесер рәсімі өтті.
Салтанатты жиында тұсау кесу рәсімін Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза бастаған ел ағалары атқарып, бүлдіршіндердің болашағына ақ жол тіледі. Жиын барысында дін қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы ізгі батасын беріп, елдің бірлігі мен ұрпақтың амандығын тіледі.
Рәсімнен кейін көпшілікке тәттіден шашу шашылып, мереке ұлттық салт-дәстүрге сай жалғасты. Думанды шараға жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары этноауылда арнайы әзірленген 1000 литр наурыз көжеден дәм татты.
Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен ынтымақтың мейрамы. Бұл күні халқымыздың дәстүріне сай, ақ дастарханымыздың басты тағамы – Наурыз көже дайындалып, көпшілікке ұсынылды.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.