Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылының имамы Есбол Алпысбаевтың ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Алғыс айту» күніне орай игі шара өтті. Ауыл мен мешітке аянбай қызмет етіп жүрген бірқатар ауыл тұрғындарына, соның ішінде ауылдық округ әкімі Досан Махамбетовке ауылдың бірлігі мен өркендеуі жолындағы еңбегі үшін алғыс хат табысталды.
Іс-шара барысында ауыл тұрғындарына ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Жиынға қатысушылар осындай игі істің ұйытқысы болған жандарға ризашылықтарын білдірді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Әбу Дәуіт), «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ» (Ахмет ибн Ханбал).
Ал тағы бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер» – деп үмметін сыйластыққа, ризашылық білдіруге шақырған (Әбу Дәуіт).
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі