Жамбыл ауданы, Сұлутөр ауылындағы "Хаджи Темаль Медина" мешітінде жамағатқа "Дін мен дәстүр сабақтастығы" тақырыбында уағыз айтылды. Насихатты мешіт молдасы Ансар Абилов жүргізіп, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы мен ғасырлар бойы орныққан дәстүрі болатынын атап өтті. Қазақ халқында да дәстүр мен дін тығыз байланысып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын тілге тиек етті.
Уағыз барысында молда діннен бастау алған дәстүрлерді дұрыс орындаудың маңыздылығын айтты. Егер оларды шариғатқа сай орындап, бұрыс жерлерін түзетсек, сауапқа кенелетініміз ескертілді. Өйткені мұндай амалдар не Алланың әмірінен, не Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінен бастау алады.
Мысал ретінде, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұйқы алдында өзін дем салып, "Фатиха", "Ықылас", "Фалақ" және "Нас" сүрелерін оқып, жүзінен жеңіл үрлейтіні айтылды. Бұл сүннет амал қазіргі қазақ қоғамында баланың бетінен түкіру түрінде бұрмаланып кеткен. Шын мәнінде, сәбиге осы сүрелерді оқып, жүзіне үрлеу – дұрыс амал әрі сүннетке сай жасалған әрекет болғандықтан, сауап әкелетіндігі түсіндірілді.
Жиын барысында қазақ дәстүріндегі көптеген әдет-ғұрыптардың шариғатқа сәйкес орындалуы қажет екені, бабаларымыздың ұстанған жолынан ауытқымау маңызды екені айтылды. Осылайша, ата-баба мұрасын тоздырмай, оның рухани мәнін сақтай отырып, сауапқа кенелуге болатыны жамағатқа жеткізілді.
Шараға 45 адам қатысып, тыңдаушылар дәстүр мен діннің үйлесімі жайында терең мағлұмат алды.