Тұрар Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылы «Қожай баба» мешітінің имамы Жанболат Сағындықұлы кітапханада өткен дөңгелек үстелге қатысып, «Дін және ұлттық тәрбие» тақырыбында сөз сөйлеп, ой қозғады.
Жанболат имам сөз басында: «Қазақ халқының рухани негізі ол — Ислам діні. Ислам — ізгілік, адамгершілік діні. Ұлттық салт-дәстүрлер исламға дейінгі заманнан бастау алып, ислам діні арқылы шариғатқа негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады. Халқымыздың салт-дәстүрінің кез келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын да көреміз. Дүниеге келген сәбиге азан шақырылып ат қойылғандығынан бастап, өмірден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміз исламнан нәр алған. Сондықтан да біте қайнасқан дін мен дәстүрімізді бір-бірінен ажырату мүмкін емес.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттық рухы зор ұрпақ тәрбиелеуде дініміз бен ұлттық, рухани құндылықтарымыз тәрбиенің алып діңгегіне айналуға тиіс,- деп, баса айтты.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі