Қазақ эпостары
Қазақтың ауыз әдебиеті материалының молдығы, мазмұндылығы және түр көркемділігі жағынан қай халықтың ауыз әдебиетінен де кем түспейді.
Фольклористика ғылымында танылған сан алуан түрлердің қайсысы болсын қазақ ауыз әдебиетінен табылады: әдемі ертегі, аңыздар;
Халықтың ой-арманын меңзейтін шытырман оқиғалы, ғажайып қиялды әңгімелер;
Тіл дамыту, ой-өрісін кеңейту, логикалық ойлау мүмкіндігін байыту тілегінен туған жаңылтпаш, жұмбақ, тәлім-тәрбиелік қызықты балалар ертегілері;
Өмірдің бұраң жолдары мен сан қайшылықтарын бақылай келіп түйген афористік топшылау – қара өлең, мақал-мәтелдер;
Әр алуан көңіл-күйлердің көрінісі – қара өлең, қайым өлеңдер;
Халық тұрмыс-салтының әр қилы жақтарын аңғартатын жар-жар, айтыс, сыңсу, қоштасу, беташар, бесік жырлары;
Өмір сабағы жазылмаған хат, басылмаған кітап есебінде болған үлгілі терме, өнегелі толғаулар;
Халық санасының сәбилік дәуірінің нақтылы сәулесі – дінмен байланысты туған күн жайлату, жылан арбау, бақсы жырлары;
Тағы басқалармен қатар, ауыз әдебиетінде халқымыздың басынан өткізген белгілі тарихи кезеңдердің сүрлеуі дерлік, әсіресе, батырлар жыры – эпос, лиро-эпостар (ғашықтық жырлар) көп және әр алуан. Осы айтып отырғанымыздың бәрі де халық ауыз әдебиетінің байлығын дәлелдейтін фактілер, ғылыми қорытындылар десек, біздің бұл мақалада сөз еткелі отырғанымыз – жалпы ауыз әдебиеті емес, соның мол саласының бірі – эпостық поэмалар.
Жазуы, баспасы жоқ елдерде сөз өнері – негізгі құрал екендігі белгілі. Ондай елдің ауыз әдебиеті сан алуан сипаттарды өз бойына сиғызады. Халық өмірге көзқарасын да, жастарға тәлім-тәрбие беру мәселесін де, ел басынан өткен тарихи жайттарды да, діни наным-сенімдерді де сөз арқылы көпшілікке жеткізеді. Сондықтан сөз өнерін дамыту, оның мазмұнымен қатар, түр көркемдігіне ерекше көңіл бөлу жай машықтан туған нәрсе емес, өмір тілеген қажеттілік.
Қазақта эпостық поэмалар ерте заманнан бері халық арасында ірге тепкен, көбінің қай ғасырда пайда болғаны белгісіз, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, замандар бойы ауызша сақталып, ақыры біздің дәуірімізге жетіп отыр.
Қазақ ауыз әдебиетінде эпостық поэмалармен қатар, сүйіспеншілік, махаббат тақырыбына арналған поэмалар мен жырлар да аз емес. Бұлар да талай ғасырлар бойы ел аузында сақталып, атадан балаға мұра ретінде қалып келген («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Күлше қыз – Назымбек», «Мақпал қыз», «Құл мен Қыз», «Есім сері – Злиха», «Айман – Шолпан» т.б.).
Солардың ішінен бұл еңбекте айрықша тоқталып, талданатын – «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу».
Эпостық поэмалар тәрізді бұларға да шолу жасасақ, бәріне тән өзара жақындықтарды аңғаруға болады.
Лиро-эпостардың (ғашықтық жырлары) өзара жақындығы – тақырыбы; негізгі мәселе – бірін-бірі қалтқысыз сүйіп, қосылуды арман еткен екі жастың арасындағы ыстық махаббат. Оқиғаның байланысы, дамуы, шиеленісуі және шешімі де осы сүйіспеншілік мәселесіне бағындырылады. Сүйгеніне қосылуды аңсап, мұратқа талпынған жастарға ескі салт-сана, шатқалаңы мол асу кесе тұрады да, оларды дегеніне жеткізбей мерт қылады. Баласынан малды артық көретін қатал жүрек, менмендік иесі Базарбайдың безбүйректігі Төлегенді, тасбауыр әке Қарабайдың кесапаты Қозы мен Баянды апатқа ұшыратады.
Лиро-эпостық поэмаларда халықтың тұрмысы, салты, әдет-ғұрпы, күнкөрісі, наным-сенімі, психологиялық жақтары эпостық поэмалармен салыстырғанда молырақ қамтылып, тереңірек суреттеледі. Мақсатқа жету жолында ұнамды қаһармандарға кездесетін қиыншылықтар – шет жаулардың іс-әрекеттері емес, ескі салт-санадан туған әр алуан бөгеттер болады да, сол шытырман қайшылықтардың шырмауына оралып, көбіне оқиға шешімі қайғылы халмен аяқталады.
Қыз Жібек
Қандай көркем шығарма болсын, өзінің әрі мазмұны, әрі көркемдігімен бағаланады. «Қыз Жібек» екі жағынан да бағалы поэма. Бұл жырдың қай кезде шығарылғаны, кім шығарғаны жайлы дерек жоқ. Ел аузында көптен бері келе жатқан және халықтың сүйіп тыңдайтын шығармасы.
Бірінші рет 1894 жылы басылған. Кімнен жазып алып, кім шығарғаны мәлім емес. «Қисса Қыз Жібек» деген атпен Қазанда басылған. Жинаушысының сөзіне қарағанда, сол кездегі қазақ арасында болған татарлардың бірі тәрізді. Өзі ноғаймын дейді.
«Қыз Жібекті» екінші рет баспаға ұсынған – фольклорды көп жинаушы Жүсіпбек Шайқұл Ислам (1900 ж.). 1894 жылдан бері Қазанда бірнеше рет басылып шыққан. Кеңес үкіметі кезінде тағы да үш рет басылып шықты (1933 ж., 1939 ж.). Ең соңғы басылуы 1957 жылы (Қазақ Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты).
Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтардың 1933 және 1939 жылдары бастырып шығарған «Батырлар жыры» атты жинақтарына енгізілген «Қыз Жібек» – Жүсіпбек бастырған нұсқасы. Қазіргі 1957 жылғы бөлек кітап болып шыққаны – 1894 жылғы алғашқы рет басылған «Қисса Қыз Жібек».
Қолдан-қолға аманат болып, ескінің көзіндей сақталып қалған дүниелер көп. Соның бірі – иманына берік болған ата-бабасының оқыған Құран кітаптары мен қолжазба еңбектері. Бүгінде ұрпақтары оларды өздері оқи алмағандықтан, сандық түбінде жатып шірігенше, ішіндегі мағлұматтарды пайдаға жаратсын деп, мешіт имамдарына алып келіп беріп жатыр.
Осындай көне қолжазбаларды зерттеп, қазіргі таңда қолданыстағы кирилл әріптеріне аударып жатқан Жамбыл облысы орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Жапек Ғалымбек Төлегенұлының жеке кітапханасындағы көне түркі жазбалары мен төте жазу қорынан шыққан «Қыз Жібек» және «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, Қодар» лиро-эпостық жырларын «Asyldin» сайтымызда 1935 жылы 25 мамырда жазылған белгісіз автордың қолжазба нұсқасымен шығаруды жөн көрдік.
asyldin.kz