Төте жазумен жазылып қалдырылған қолжазбадан аударған Ғалымбек ЖАПЕК.
Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы. Араб, парсы, шағатай, төте жазу бойынша аудармашы.
"ҚЫЗ ЖІБЕК" жыры
Әуелі сөзді бастайын,
Екінші сөзді қояйық
Қыз Жібектен сөз қозғап,
Қызығына тояйық.
Тамақ керек әркімге,
Бір тоқтыны сояйық.
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Жағалбайлы елі бар,
Жағалбайлы елінде,
Базарбай атты байы бар.
Байлығында қисап жоқ,
Өлшеу жетпес жайы бар.
7 жүз түйе жүк екен.
Бір мың түйе тағыда,
Қаныты мен шайы бар.
Аяқты малда хисаб жоқ,
Айдап жүріп бағылар.
Ақ теңіз деген көлі бар,
Жаз байлауын сұрасаң.
Ұлан Шамбыл белі бар.
Ол байда үш қатын бар тоғыз ұлды,
Қисапсыз Құдай берген шырын болды.
Еліне Оба келген бір кеселде,
Тоғыз ұлы бірі қалмай бәрі де өлді.
Ашумен алты қатын тағы да алды,
Базарбай 84 ке келіп қалды.
Тоғыз ай тоғыз күні тамам болып,
Тауыпты кіші қатын бір ұғылды.
Қатыны бала тапқан 44 жаста,
Бала жоқ өзгесінде онан басқа.
Сипатты бір баланы берді Құдай,
Жүргенде көзі толып қанды жасқа.
Қойыпты Төлеген деп ұлдың атын,
Жаратқан Құдай артын оның затын.
Сипатын айтып тамам қылалмаймын,
Көрген жан ақылынан бір талатын.
Базарбай баласына көңлі толды,
Қайғының ішіндегі барын жойды.
Артынан тоғыз жыл соң бір ұл туып,
Жұрт жиып Сансызбай деп атын қойды.
Жорыпты екеуіне қалың бермей,
Дұшманның әр не деген тіліне ермей.
Өздері тірі болса алар бір қыз,
Күйікте өліп қалса тағы көрмей.
Күйікте қанын тартып жүрген басым,
Алсада патша қызын малым жетер.
Менікін ұнатпаса да сәнім кетер.
Күйіктен қанын тартып жүрген басым,
Күйермін жазым болса онан бетер.
138.
Сол уақытта бір саудагер келді дейді,
Бұлардың айран қалін білді дейді.
Дүние қор Базарбайдай көргем жоқ деп,
Саудагер мазақ қылып күлді дейді.
Бұл малдың бекер жеп керегі не,
Бермепті ұлдың қалың біреүіне.
Көзінің ағы менен қарасындай,
Артында малға мирас тіреуіне.
Сонда біреу айтады мұнын жайын,
Бақ даулет берген артық бір Құдайым.
Ел жұрттан қыз жаратпай жүр Төлеген,
Жүрген жоқ малын аяп Базарбайың .
Соны естіп сөз сөйлейді қарт саудагер,
Алланың салғанына бәнда көнер.
Қасына Төлегенді шақырып алып,
Жақсы қыз табам деді сүйінші бер.
Жайықта қызы сұлу асқан ел бар,
Төлеген қыз іздесең сен соған бар.
Қыз жақпай өз еліңде жүрген болсаң,
Ерінбей қыз іздесең сен сонда бар.
Аласың бір сұлуды сонда барсаң,
Болмаған мұнда тұрып қатеріңе ал.
Төлеген іздемекке көңілі кетті,
Жолы бар неше күндік мұның депті.
Саудагер айтты жолы жүз күншілік,
Төлеген тездемекке талап етті.
Төлеген он жетіге келген шағы,
Аз емес бір Тәңірдің берген бағы.
Саудагер айтты жолы 70 күндік,
Төте жол 45 күндік болса дағы.
Онымен баралмайсың барған меннен,
Өлерсің жолда шөлдеп арманменен.
Жүр дейді алыссынбай су жағалап,
Әрқашан бардың іс барман менен.
Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды,
Тәңірдің не салғанын көрмек болды.
Сол елді басшы болып тапқан жанға,
Жүз жамбы сүйіншіге бермек болды.
Баратын бір қара көк тұлпар атын,
Жануар өзі жорға құс қанатты.
Тұрманының барында алтындатып,
Күміспен 4 аяғын тағалатты.
Шамшырақ тас орнатты жүгендерге,
Жүз жігіт басшы қосшы алды бірге.
Алтын мен тоғыз нарға жүгін артып,
5 жігіт және алды қызметкерге.
139 бет