2007 жылы қолдан жасалған ескерткіш болып табылатын әлемнің жаңа жеті кереметі туралы біліп жүріңіз. Әлемнің көне жеті кереметінен Мысыр пирамидасы ғана сақталған.
1. Ұлы Қытай қорғаны
Әлемнің ең ұзын қорғаны Қытайда орналасқан. Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы 8850 километрден асады. Бұл жер радиусынан да ұзын. Қорған құрылысы б.з.д. ІІІ ғасырда салына бастады, екі мың жыл бойы қытай халқы қорғанды жалғастырып, оны одан әрі ұзартты. Қытай қорғанының кей жерлері эрозияға ұшырап, қиратылды. Саяхатшыларға ең танымал жері Бадалин Мао Цзе Дун заманында күрделі жөндеуден өткен. Бадалин Бейджин (Пекин) қаласынан 75 километрден қашықтықта орналасқан. Қорғанға Қытай астанасынан темір жол және автобус арқылы қатынауға болады.
2.Колизей
Б.з.д І ғасырда салынған Рим қаласындағы Колизей әлемдегі ең үлкен амфитеатр болып саналады. 50 мыңнан астам орны бар Колизейде бірнеше ғасыр бойы гладиаторлық айқастар мен Рим тұрғындарына арналған мерекелік іс-шаралар қойылады. Қазіргі кино құрылымындағы сюжет бойынша Колизейде өткізілетін гладиаторлық айқастар көлемі жағынан екінші орын алатын Тунистегі амфитеатрда түсіріледі. Себебі, Колизей жақсы түсірілім үшін сақталмаған.
Рим қаласында болған жандардың барлығы Колизейге назар аударады. Колизей тек Рим қаласының нышаны ғана емес, күллі Италия елінің көрікті жеріне айналды. Колизей - Еуропада орналасқан жалғыз жаңа кереметтің бірі.
3. Мачу-Пикчу
Көне әлемдегі жеті керемет Еуропа мен Азия елінде орналасса, жаңа кереметтердің географиясы кеңейіп, Америка елін де қосып алды. Оңтүстік Америка еліндегі асқар тау баурайында Мачу пикчу қаласы орналасқан. Теңіз дейгейінен 2,5 километр биіктікте орналасқан бұл қала 400 жылға жуық өмір сүрді. Белгісіз себептермен 1532 жылы инктер қаладан жырақ кетті. Ал испан конкисдаторлары биікте орналасқан қалаға шыға алмады. 1911 жылы америка ғалымдары көне қаланы табады. Ғибадатханалардың қираған үйінділері, екі қабатты үйлер мен қоймалар сақталған. Мачу Пикчуға жету оңай емес. Агуас-Кальентес қалашығына темір жол көлігі арқылы жеткен соң, автобуспен Мачу-Пикчуға жетуіңізге болады.
4. Петра
Петра - биік тас үйінді жартаста орналасқан Иорания қаласы. Әр кезеңде қала әр түрлі шапқыншыларға тиесілі болды. Б.з.д идумей, набатей, бертін келе орта ғасырда Рим, Византия, Араб шапқыншылары жаулап алды. Әр шапқыншы қаладағы сәулет өнерінің өзіндік жаңа айшықтарын әкелді. Қала шөлді даланы кезіп жүрген керуен сарай жолаушыларына арналған демалыс орны болатын. Тар каньонда керуеншілер шөлдерін қандырып, ұзақ сапарға аттанғандар өздеріне молынан су толтырып алатын. Жартастағы ойылған үйлер мен ғибадатханалар суық күндері пана болатын. Көне қала бұл күндері саяхатшыларды өзінің айшықтарымен таң қалдыруда. Петра қаласында танымал «Индиана Джонс и последний крестовый поход» киносы түсірілген.
5.Тадж-Махал
Әлемнің дәстүрлі жеті кереметінің қатарында Галикарнастағы кесене бар. Жаңа кереметтердің қатарында да кесене бар. Ол - Үндістанның Агра қаласында орналасқан Тадж-Махал кесенесі. Бұл кесенені ΧVІІ ғасырдың ортасында Шах-Джахан сүйікті жары Мумтаз-Махалдың құрметіне салған. Мумтаз-Махал 14 баласын дүниеге алып келген кезде өмірден өтеді. Айналасы субұрқақтарға толы саябағы бар, ақ мәрмәр тастардан қашалған ғимарат жыл сайын 5 миллионға жуық саяхатшыларды қабылдайды. Алдын ала ұйымдастырылған «Алтын үшбұрышы» саяхат бағыты бойынша, Дели-Агра-Джайпур қалаларын аралаған кезде, Тадж-Махал кесенесіне баруға болады. Сондай-ақ, Үндістан астанасы Дели қаласынан автобус немесе темір жол көлігі арқылы Агра қаласына барып, Тадж-Махалды көруге болады.
6. Христос мүсіні
Рио-де-Жанейро қаласында бой көтерген Христос мүсіні темірбетон мен сабынды тастан қашалған. Қолдарын екі жаққа қарай жайған Христос биіктігі 38 метрге дейін жетеді. Мүсін құрылысы 1922 жылы басталып, 9 жылға созылды. Жыл сайын бұл мүсінді көру үшін Бразилия еліне 300 000 адам келеді. Коркаваду тауында орналасқан Христо мүсініне кішкентай поезд арқылы немесе эскалатор арқылы көтерілуге болады.
7.Чичен-Ица
Мексикада орналасқан Юкатан жартылай аралда көне қала Чичен-Ица майя өркениетінің дамуында мәдение және саяси рөл атқарды. Бірақ, белгісіз себептермен Чичен-Ица қаласы иесіз қалды. Испан конкистадорлары құпия жермен байланысты барлық манускрипттерді жойып жіберді. Биіктігі 30 метрге жететін 9 сатылы Кукулькана пирамидасы Чичен-Ица қаласының басты нышаны болып табылады. Пирамида ішінде ягуар тағы бар. Мысыр елінің пирамидаларымен салыстырғанда Кукулькана айтарлықтай кішкентай.