Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылының «Шолпан Дәуіт» мешітінің имамы Қанат Тұмарбекұлы ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналармен әкімдік мәжіліс залында кездесіп, «Дін мен дәстүр - қазынамыз» тақырыбында насихат жүргізді.
Қанат Тұмарбекұлы өз сөзінде: «Ислам діні ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы. Әлмисақтан мұсылман болған халқымыз әрқашан діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген. Өмірлік тұрмысымызға айналған дәстүрлеріміздің көбі асыл дінімізден бастау алған. Осылайша асыл дініміз қазақ халқының рухани дүниесін қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың танымы мен мәдениетімен біте қайнасып кеткен.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұны да аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған», - деп түйіндеді», - деп қозғаған мәселелері мен маңызды ойларын жеткізді.