Жамбыл ауданы, Тастөбе ауылдық мешітінде маңызды іс-шара өтті. «Һибатулла Тарази» медресесі директорының орынбасары, білікті ұстаз Бахтияр Әмреев ауылдық имам-молдаларына арнайы семинар өткізді. Бұл шараның мақсаты – ауданға қарасты имамдардың біліктілігін арттырып, олардың діни ілімдерін жетілдіру болды.
Семинар барысында ұстаз Бахтияр Әмреев фиқһ және ақида салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, жамағат пен қоғам арасында жиі туындайтын проблемаларға жан-жақты жауап берді. Әсіресе, қазіргі заманның ең үлкен мәселелерінің бірі – ағымдардың ықпалына түсіп, теріс жолға кету қаупі екенін ерекше атап өтті. Ол ағым жетегінде жүргендердің негізгі қателіктерін талдап, имамдарға халыққа дұрыс бағыт-бағдар беру жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Семинар қатысушылары да бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз ауылдарында жиі кездесетін мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Шараның өзектілігі мен мазмұнына жиналған 25 имам-молдалар ерекше ықыласпен ризашылықтарын білдірді.
Бұл семинар – дін қызметкерлерінің рухани білімін арттырып қана қоймай, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға арналған маңызды қадам. Алдағы уақытта осындай тағылымды шаралар жалғасын табады деп үміттенеміз.