Сәду Шәкіров ауылы, Байтоқты баба мешітінің имамы Оспанов Бақдәулеттің бастамасымен ауыл жамағаты арасында кір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырылды. Аталмыш жарыста Ерден есімді жігіт бірінші орын иемденсе, Алмас бауырымыз екінші орын, Нұрберген ағамыз жүлделі үшінші қанжығасына байлады.Сайыс соңында, бірінші орынға 30 мың, екінші орынға 20 мың, үшінші орынға 10 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.
Бақдәулет имам жарысқа қатысушылардың көрсеткен ерік-жігері мен күш-қайратын жоғары бағалап, олардың осындай спорттық шараларға қатысу арқылы денсаулықтарын нығайтып, бір-біріне деген достық қарым-қатынасын арттырғанын атап өтті. Ол аталмыш жарыстың ауылдағы рухани бірлікті нығайтуға, жас пен кәрінің арасында тығыз байланыс орнатуға әсер ететінін мәлімдеді. Сонымен қатар, имам бұл іс-шараның дәстүрлі түрде өткізіліп тұруы қажеттігін айтып, ауыл жамағатына салауатты өмір салтын ұстану мен күш-қуаттың адам өмірінде маңызды рөл атқаратынын еске салды.