Дініміз отбасы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, отбасыға қатысты заңдарды егжей-тегжейлі баяндаған. Оның ішінде әрбіл тұлғаға отбасын құрмай тұрып болашақ жар таңдау құқығын, некелесу шарттарын, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен бір-бірінің алдындағы міндеттерін асырау мен қамтамасыз етуміндетінің кімге қатысты екенін ата-ана мен бала құқықтары, тіпті ажырасуға қатысты ережелерді белгіледі.
Құран Кәрім мен пайғамбар сүннеті бұрын соңды ешбір дін не мәдени жүйелерде толыққанды қарастырылмаған ата-ананың баласының, баласының ата-анасының алдындағы міндеттері мен құқықтарын нақты баяндап берді.
«Ер адамдар әйелдерді – Алла оларға бір-бірінен артықшылық бергені әрі олар мал-дүниелерінен жұмсауы себепті — басқарады» деп, Ниса сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.
Ислам әйел адам мен ер адам бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп, қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер» — деген. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде әйел адамға ерекше көңіл бөліп, оның ар-намысын қорғап, қоғамда лайықты орынға ие болуын қамтамасыз етеді. Құранда Алла Тағаланың ер мен әйелдің бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізетіндігін Рум сүресінің 21-аятында баяндайды: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар».
Ер кісі ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда Бақара сүресінің 233-аятында: «… Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі …» — десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің»,-деген.
Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай-ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді» — деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы — бақташы. Ер адам — отбасының бақташысы. Әйел — ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар»-деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.
Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.
Демек отбасының жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етудегі айрықша рөлі оның қоғамдағы маңыздылығын айшықтайды.
Серік Смайылов
Бірлік ауылы
«Бірлік» мешітінің имамы