ЖӘННАТТЫ СҰРАҒ ТОЗАҚТАН ПАНА ТІЛЕ

ЖӘННАТТЫ СҰРАҒ ТОЗАҚТАН ПАНА ТІЛЕ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл мақтау-мадақ Алла тағалаға болсын. Пайғамбарымыз Мұхаммедке с.а.с және оның отбасына, оның артынан ерген барша момын-мұсылмандарға Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

Алла тағала Құран кәрімде: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым», - адам баласының жаратылудағы мақсатын айқындап берген. (әз-Зарият сүресі. 56 аят)

Тағы бір аятта: «Ол қайсыбірің анағұрлым игі һәм сауапты іс істер екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Ғафур (құлдарының күнәлары қанша ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда оларға өте кешірімді)», - деген.(Мүлік сүресі. 2 аят)

Бұл жалғанда адам баласының сынағы жақсы және жаман амалында. Алла тағала адам баласының сынағында нәпсілік қалауларын, шайтани амалдарды адамның ішкі жан дүниесіне, яғни ойлау жүйесіне салып қойған. Ал Алла тағала өзінің қалауын пайғамбарлары арқылы, кітаптары арқылы адам баласына сырттан, яғни адам баласының өзі талап етіп, амал ету  арқылы үйренетіндей етіп қойған. Сондықтан мұсылман адам бес уақыт намазбен, жылына бір рет оразамен ғана шектелмей, иманын қуаттап отыру үшін, Алланың разылығына, кешіріміне қол жеткізу үшін жер бетіндегі Алла еске алынатын орындарды зиярат етіп отыруы керек. Қазіргі заманда Алла көп еске алынатын жерлердің бірі ол - мешіт. Мұсылман адам мешіттен алыстамауы керек. Мешітке барған мұсылман пайғамбарымыз с.а.с айтқан Алланың кешіріміне қол жеткізеді екен.

Әбу хұрайра (р.а): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла Тағаланың көше-көшені аралап, Раббыларын еске алумен шұғылданған құлдарын тынбай іздеп жүретін арнайы періштелері бар. Олар Аллаһ тағаланы еске алып, ұлықтап отырған адамдарға тап болғанда, бір-біріне:

- «Мына жерге келіңдер. Іздегендерің, міне, осында!», – деп жар салады. Сөйтіп, олар әлгі адамдар- ды қанаттарымен қоршап алып, сол маңды күрегейлеп (араларына ине шаншар бос орын қалдырмай) аспанның бірінші қабатына дейін жетеді. Сонда Алла Тағала шексіз ілімімен бәрін біліп тұрса да, періштелерінен:

- «Құлдарым не деп жатыр?» – деп сұрайды. Періштелер:

- «Уа, Раббымыз! Олар Сені ұлылығыңа жараспайтын барлық кемшілік атаулыдан пәктеуде, ұлықтауда, Сені мадақтап, шүкіршілік айтуда әрі Сені барынша дәріптеуде», – деп жауап береді. Сонда Аллаһ тағала:

- «Олар мені көріп пе еді?» – деп сұрайды. Періштелер:

- «Жоқ, уаллаһи! Олар Сені көрген емес», – дейді. Аллаһ тағала:

- «Егер олар мені көрсе қалай болар еді?» – деп сұрайды. Періштелер:

- «Егер олар Сені көрсе, Саған бұдан да көп құлшылық етіп, Сені бұдан да асыра дәріптеп әрі бұдан да жиі пәктейтін еді», – деп жауап қатады. Сонда Аллаһ тағала:

- «Олар менен не сұрап жатыр?» – дейді. Періштелер:

- «Жұмаққа кіргізуіңді сұрауда», – деп айтады. Аллаһ тағала:

- «Олар жұмақты көріп пе екен?» – деп сұрайды. Періштелер:

- «Уа, Раббы- мыз! Жоқ, уаллаһи! Олар әсте жұмақты көрген емес», – дейді. Аллаһ тағала:

- «Егер олар жұмақты көрсе қалай болар еді?» – деп сұрайды. Періштелер:

- «Егер олар жұмақты көрсе, оған кіруге бұдан да бетер ынтық болып, бұдан да бетер ұмтылып, бұдан да бетер ынтызар болар еді», – деп жауап береді. Сол кезде Аллаһ тағала:

- «Олар неден қорқып, менен неден қорғауымды тілеуде?» – деп сұрайды. Періштелер:

- «Олар Саған тозақ отынан (сақтай гөр деп) сиынады», – дейді. Аллаһ тағала:

- «Олар оны көріп пе екен?» – деп сұрағанда, періштелер:

- «Жоқ, уаллаһи! Олар оны көрген емес», – дейді. Аллаһ тағала:

- «Егер көрсе, қалай болар еді?» – дегенде, періштелер:

- «Егер оны көрсе, тозақтан мұнан да бетер безіп, мұнан арман қорқар еді», – деп жауап береді. Сонда Аллаһ тағала:

- «Ендеше, сендер куә болыңдар. Мен оларды кешірдім», – дейді. Мұны естігенде бір періште:

- «Араларында, тек өзінің бір қажетіне бола келіп отырған (оларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын) пәленше деген құлың бар», – дейді. Сонда Аллаһ тағала:

- «Олар сондай жақсы адамдар, олармен бірге (жәй әншейін) отырған адам да бақытсыздыққа ұшырамайды», – деп айтты», – деген.

Алланың мейірімі шексіз. Алланы еске алу үшін жиналар болсақ, кешіріміне қол жеткіземіз, тіпті ешқандай арам ойы жоқ, жәй мешітке кіре салған адамның өзі сол қауымның ішінде болса Алла тағала ол адамды да еске алушылармен бірге кешіріп жібереді екен.

Алла тағала баршамызды кешіріп, өзі разы болған құлдарының қатарынан қылғай!

 

Алпысбаев Есбол

«Әл-Карим» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: