Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылдық «Шолпан Дәуіт» мешітінің жастарымен РАНТ мүшесі, Қарағанды облысы Теміртау қаласының бас имамы Жанболат Жұматұрұлы кездесіп, «Ата дәстүріміз баға жетпес қазынамыз» тақырыбында насихат айтты.
Жанболат Жұматұрұлы насихатында: «Дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне байланысты ғасырлар бойы жүйеленген, өмір сүру салты негізінде туындаған ғұрыптардан жиналған, әрбір халық пен қоғамда болатын мінез-құлықтар үлгісі.
Халқымызда көптеген салт-дәстүрлер мен ырымдар бар. Бірақ бір өкініштісі көпшілік жұрт ырым мен салт- дәстүрді шатастырып жатады. Ата-баба өсиеті болып келе жатқан салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшеліктері болса, ырым-тыйымдар арнайы тыйымдар үшін қолданылған. Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп екені анық.
Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет-ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі», - деді.