Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сеңкібай ауылы «JUMADIL ATA» мешітінде II аймақ имамдарына аймақ жетекшісі Қанат Тұмарбекұлы «Жат ағымнан сақтану жолдары» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Тұмарбекұлы насихатында: «Ертеректе ел арасында діндар адамға деген сүйіспеншілік пен құрмет жоғары болған еді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, тақуалық өмір салтын ұстанатын жандардың аузы дуалы, сөзі пәтуалы шығып жататын. Ал қазір ше? Сонау кеңестік идеология 70 жыл бойы қысым жасап, құрта алмаған дінге деген құрмет отыз жылда ойран болды. Бұған не себеп? Әңгіменің әлқисасын әріден бастасақ, сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде діни ұйымдардың жұмысына тым көп еркіндік берілді. Алдымызда тәжірибе жоқ еді өйткені. Соны сәтті пайдаланған түрлі діннің өкілдері, секталар мен ағымдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақша көбейіп алды. Кейін ес біліп, етек жапқан тұста бірқатар тәртіпке келтіргендей болдық. Десек те, жат ағымдар ұрығын сеуіп үлгерген еді. Мұның соңы ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді жоққа шығаруға дейін ұласып кетіп жатты. Иә, бұрын дін мен дәстүр егіз ұғым тәрізді еді. Осы күні екеуі бір қазанға қосылмайтын болып жүр. Бұл да сол, ұлттық ерекшелікті жоққа шығарып, дінді тар шеңберде түсіндіруге әуес ағымдардың әсері ғой. Әйтпесе, қазақтың бар дәстүрі мен ғұрпы діни ұғымдардың шеңберіне сай қалыптасып, оны жетілдіре түседі емес пе?!»,-деді.