БАЙЗАҚ: КОНФЕРЕНЦИЯ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ

БАЙЗАҚ: КОНФЕРЕНЦИЯ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі мен мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ислам діні және дәстүр құндылықтары: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында өткен конференцияның үндеуі қабылданды.

Үндеуде: «Біз «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген қағиданы берік ұстанған ұлтпыз. Қазіргі әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында ҚМДБ 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен жиынымызды жақсы ниетпен киелі Әулие ата жерінде орналасқан  Байзақ ауданында өткізіп отырмыз. Алла Тағала бүгінгі  конференциямызды нәтижелі еткей. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет...» деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың ашуына тиюде. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған.

Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Бұл – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару – үлкен қателік. Құран мен хадистің негізгі мұрат-мақсатын ұғынбаған кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Әрине, мұндай сәттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізулері тиіс. Дегенмен, тентегін тезге салып отыратын ақсақалдардың орны ерекше деп атар едім.

Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деген екен. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – сіз бен бізге жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз. Баршаңызды осынау ортақ аманатты бірге орындауға шақырамын. Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрін құрметтеген ұрпақ болуымызды нәсіп еткей!», - делінген.

Конференция үндеуін Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлы жиылған қауымға оқып берді. Үндеу конференция қатысушылары тарапынан қабылданды

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: