Жеті қабат аспан мен қара жерді,
Адамзатты жаратып, сана берді.
Мақтау айтам әлемнің Раббысына,
Жоқтан бар ғып жаратқан бар әлемді.
Әсер алмай мешіттің ғажабынан,
Құлдарың көп намазын қаза қылған.
Ғафу еткей, иа Рахман, иа Рахим,
Мейірімің басым ғой азабыңнан.
Барған кезде алдына ақыреттің,
Тыс қалдырма біздерді назарыңнан.
Әміршісі өзіңсің қияметтің,
Есеп күні аулақ ет азабыңнан.
Бойымда күш-қуатым, шамам барда,
Ықыласпен ден қойып амалдарға.
Жәрдем сұрап тек ғана бір Өзіңнен,
Мінәжатты етемін Саған ғана.
Тозақ отын біз үшін жақпағайсың,
Арбауынан шайтанның сақтағайсың.
Теріс жолдан аулақ ет құлдарыңды,
Тура жолға әрдайым бастағайсың.
Жараттың бізді Мұхаммед үмметінен,
Амал ет деп Құран мен Сүннетіне.
Дұрыс жолын нәсіп ет баршамызға,
Құлдарыңның бөленген нығметіңе.
Тауфиқ сұрап бір өзіңе жалынам,
Ілім менен ризық бергей молынан.
Жаңылысқан, ұшырасқан қаһарға,
Аулақ еткей адасқанның жолынан.
Үмбет Сабырханов
«Әл-Хақ» мешітінің имамы