Ұлы Отан соғысы жылдары – тарихтың тек драмалық қана емес, жаугершілік те заманы болып саналады Өйткені, Отан үшін от кешкен миллиондаған адамдардың жауынгерлік ерлігі мен жанқиярлықтың үлгісі дәл сол жылдармен тығыз байланысты. Сондықтан да біз ол жылдардан алыстаған сайын, соғыстың тарихи мәні мен маңызын тереңірек түсінеміз. Сын сағатта еліне қорған болған, өшпес ерлік жасаған Ақәділ Суханбаевтың ерлігіне қанша құрмет көрсетілсе де көптік етпейді.
Кешегі күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысыда ерліктің ерен үлгісін танытқан Ақәділ Суханбаев 1920 жылы Қарасу (қазіргі Қосы батыр) ауылында дүниеге келіп, 1944 жылы 31 шілдеде Польша жерінде ерлікпен қаза тапқан.
Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың ерлігіне 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аудан орталығы Сарыкемер ауылында А.Суханбаев атындағы орталық саябақта Батыр ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды. Шараға Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы, қоғам қайраткерлері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары ерлігі ұрпаққа ұран болған жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.