Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ер мен әйел - бір бүтіннің екі жартысы», - деген. (ӘбуДәуід, Тахарат, 94). «Үйлену- менің сүннетім. Кім менің сүннетіммен жүрмесе, менен емес», - деген. (Ибн Мәжа, Никаһ, 1).
Қазақта да үйленген екі адамды «екі жарты бір бүтін» болды демей ме? Бұл -үйленудің, шаңырақ көтеріп, бас қосудың Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті екенін ескертеді. Себебі, үйлену - екі адамның жайлы өмірінің ғана емес, қоғам тыныштығының да кепілі. Ешкім үйленуге «…болмай кетсе, ажыраса салармын» - деген оймен қадам баспайды.
Үйлену - екі жақтың, қыз бен жігіттің өзара келісіп, өмірге бірге қол ұстасып аттануы. Ерлі-зайыпты ретінде бірін-бірі қабылдауы және бірге өмір сүру жөнінде ортақ шешім жасауы. Отбасы әйел мен еркектің бір-біріне деген сенімдері негізінде құрылады. Уақыт өте келе, көп қолданылған заттардың ескіргені секілді, өкінішке орай, кейде сезімдер мен жұбайлық қарым-қатынас та тозып, мүжіле бастайды. Некеге де өз уақытында және дұрыс көңіл бөлінбесе, онда шешімі табылмаған ұсақ-түйек мәселелер толып кетеді. Үйленіп отау құрған әр адам гүлдерін зиянды нәрседен қорғауы тиіс бағбандай, «бау-бақшасына» еңбек сіңіріп, тер төгуі, уақыт бөлуі керек… Адам баласы жанұяның мына дүниеде ең ауыр сынақтардың бірі екендігін, өзіне аманат етілген адамдардың әрқайсысы үшін бір күні Аллаға есеп беретінін естен шығармай, әрбір іс-әрекетінде осы сенімді басшылыққа алғаны жөн.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Естеріңде болсын! Сендердің әйелдеріңе қатысты міндеттерің болғаны сияқты, әйелдеріңнің де сендердің алдарыңда міндеттері бар», - деген (Тирмизи, Рада, 11). Тағы бір хадисте: «Әйелдер жөнінде Алладан қорқыңдар. Себебі, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар және Алланың атын атап (неке қиып), оларды өздеріңе адал қылдыңдар», - деп айтты», - делінген (Мүслим, Хаж, 147).
⠀
Шаңырақтың шайқалмауы үшін ер адамдар секілді, әйелдер де көп күш-жігер жұмсауы шарт. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Себепсізден себепсіз ажырасуды талап ететін әйелдің мұрнына жұмақтың хош иісі де бармайды», - деп ескерткен (Әбу Дәуід, Талақ, 17-18).
www.asyldin.kz сайтының баспасөз қызметі