ҚҰРАН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДЕҢГЕЙЛЕРІ

ҚҰРАН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДЕҢГЕЙЛЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран оқушылардың деңгейлері «Әл-Бурһан» кітабында келген деректе данышпандардың бірі: «Мұсылмандар Құран оқығанда үш түрлі деңгейде болады», – деген.

Бірінші деңгей

Мұндай деңгейдегі мұсылман Алла Тағаланың сипаттарын Құраннан және аяттардың мағыналарын білу арқылы көреді. Ол Жаббар иесіне Құран мен аяттар, мінәжаттарынан алған жан рақаты, Құраннан танып-білген Жаратушының сипаттары арқылы қарайды. Шын мәнінде, Құрандағы әрбір сөз есімнің немесе сипаттың немесе үкімнің немесе істің мағынасын (яғни Алла Тағаланың есімдерін, сипаттарын, үкімдерін, қалауын, істерін) білдіреді. Өйткені мұндай аяттар (Алла Тағаланың) сипаттарының мағыналарын білдіріп, сол сипаттардың иесі (Алланы) танытады. Міне, бұл – мұсылмандар арасындағы данышпан кісілердің деңгейі. Данышпан кісі Құран оқығанда өзінің жан тәрбиесімен және Құранды мәнерлеп оқумен ғана шектелмейді. Оның санасы Жаратушы иесін лайықты түрде тануға, сипаттарын ұғынуға бағытталады. Құрандағы Алла Тағаланың нұрын терең сезінеді. Имам Жағфар әс-Садық (оған Алла разы болсын): «Алла (яғни Алланың нұры) пенделеріне сөзі (яғни Құран) арқылы көрінеді. Алайда олар көрмейді», – деп айтқан.

Екінші деңгей

Бұл деңгейдегі мұсылман Құран оқығанда жүрегімен Алла Тағаланы құдды бір онымен сөйлескендей, оны мейіріміне бөлеп сырласқандай, оған шарапаты мен жақсылығын төккендей көреді. Мұндай кісінің деңгейі Алладан ерекше ұялу мен ұлықтаудан тұрады. Ол әрдайым Алла Тағаланың бұйрығына құлақ асып, жарлығын терең түсінеді. Міне, бұл – (Алланың мейіріміне) жақын тақуаның деңгейі.

Үшінші деңгей

Бұл деңгейдегі мұсылман өзін Раббысымен сырласқандай көреді. Ол Құран оқығанда Жаратушы иесінен дұға тілеп, жалбарыну деңгейінде болады. Ол әрдайым жалбарынумен жүреді. Міне, бұл – қияметте амал дәптері оң жағынан беріліп жұмаққа кіретіндердің деңгейі. Данышпандардың бірі: «Құранда саяжайлар мен бау-бақшалар, зәулім сарайлар мен қалыңдықтар және жібек киімдер мен бақтар бар. «Мим»-дер (Әлиф. Ләм. Мим. әріптерімен басталатын сүрелер) – Құранның саяжайлары. «Ра»-лар –(Әлим.Ләм.Ра. әріптерімен басталатын сүрелер) Құранның бау-бақшалары. «Ха»-лар – (әл-Хамду сөзімен басталатын сүрелер) Құранның зәулім са- райлары. «Мусаббихат» – (Сәббәха сөзімен басталатын сүрелер) Құрандағы қалыңдықтар. «Ха.мим»-дер (Ха.Мим. әріптерінен басталатын сүрелер) –Құрандағы жібек киімдер. «Муфассал» сүрелері – Құрандағы бақтар. Егер мүрид сол саяжайларға аяқ басса, бау-бақшалардың жемісін жұлса, зәулім сарайларға кірсе, қалыңдықтарды көрсе, жібек киімдерді кисе, бақтарда серуендесе, Құран оқығанда сезілетін рухани деңгейлерге орнықса, міне, сонда Құраннан оны еш нәрсе ажырата алмайды. Жүрек көзімен Құран ғажайыптары оны баурайды. Жүрегімен көрген Құран ғажайыптарынан басқаға қарамайды. Имам әл-Байһақи риуаят еткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Құранды терең үйреніңдер. Оның терең мағыналарына үңіліңдер. Оның терең мағыналары - парыздар мен тыйымдар», – деген. Сахаба Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын): «Кімде-кім әуелгі және кейінгі үмбеттің білімін алуды қаласа, Құраннан іздесін. Өйткені онда әуелгі және кейінгі үмбеттің білімі бар», – деген. Сахаба Әбу әд-Дарда: «Пенде Құранды жан-жақты зерделемейінше, оны лайықты түрде түсінбейді», – деп айтқан. Яғни Құранның мағыналарын жан-жақты ұғынбайды.

 

Пайдаланған әдебиет:
«Құран оқудың сауабы мен әдебі» кітабы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: