Неке қасиетін білеміз бе?

Неке қасиетін білеміз бе?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі қоғамымызда ажырасу дерегінің күн санап өсіп келе жатқандығы көңіл алаңдатады. Еліміздің болашағы жастардың қолында деген сөз күнде айтылса да, сол жастардың отбасына деген жауапкершілігі азаюда. Қазақ тілінің сөздік қорында кездесетін «адал неке», «ақ неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымдардың мәні мен маңызын жете түсінбей жүрген секілдіміз. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған күрделі мәселелердің бірі – елімізде заңи жолынан айналып өтіп, тек шариғат жолымен шаңырақ көтеретіндердің тым көбейіп кетуі фактісі болмақшы. Өз-өзінен бұл жаман нәрсе емес. Әрбір ерлі-зайыптының құдай алдындағы міндеті. Дегенмен, неке қидыруға құмар ерлердің арасында шариғат бойынша деп бірнеше әйелмен отасып отырған азаматтар да баршылық. Деректерге сүйенсек, кейбір ниеті бұзық ерлер жауапкершіліктен жалтару үшін әдейі осындай некені таңдайтын көрінеді. Құқығы заңмен қорғалмағандықтан, мұндай жағдайда тек қыз-келіншектер зардап шегетіндігі анық. Бұл «заңсыз» туылған сәбилер мен бала алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ әкелер санын арттыратын жайт. Себебі, мұндай некені бұзатындар аз емес.

«Отан отбасынан басталады» дейді кемеңгер ата-бабаларымыз. Шын мәнінде әрбір отбасы – бір Отан. Отбасы – отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын киелі мекен. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлім-тәрбиесі осы мекенде қаланған. Мемлекеттің мықты болмағы – оның дана басшысына байланысты болғаны сияқты, отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, отбасын құрған әрбір жан үйленерде «бақытты болам» деп емес, «жарымды бақытты етем» деген мақсатпен үйленсе, көп қиындықтың басы шешілер еді. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек.

Үйленетін ер адам – өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылғанын толық сезінуі керек. Ер адам – отағасы, отбасының асыраушысы, әйелі мен балалары үшін негізгі жауапты адам. Бала-шағасын тамақтандырып, киіндіру, баспанамен қамтамасыз ету оның міндеті. Сондықтан жалқаулық, бейқамдық сияқты қасиеттерден барынша арылып, еңбекқорлық, шыдамдылық пен төзімділікті бойына серік қылғаны абзал. Қиямет күні отбасының әрбір мүшесі үшін де ер адамнан сұралады. Қасиетті Құранда: «Ей иман келтіргендер, өздеріңді және бала-шағаларыңды оттан қорғаңдар, ол оттың отыны адамдар мен тастар» (Тахрим сүресі 6-аят) делінген. Отбасы қоғамның іргетасы екені бесенеден белгілі. Отбасылық ынтымақ пен түсіністік қаншалықты мықты болса, соншалықты қоғамның да мықты болары сөзсіз. Сондықтан да, Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жүректің қасиетті одағы. Беріктік пен сенімділіктің бастауы. Отбасында сезім мен сенімнің, сыйластықтың шынайылығы мол болған сайын жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын отбасының қуанышы мен бақыты да берік болмақ. Ислами құқық терминологиясында «никах» деген сөзбен берілетін үйлену ұғымы – бір-бірлерімен үйленулеріне құқықтық тұрғыдан ешқандай кедергі болмаған бір ер мен бір әйелдің өмір бойы бірге тұру үшін араларын қосқан және бір-бірлеріне құқық пен жауапкершіліктер белгілеген байланысты білдіреді.

Құран Кәрім неке келісімін «мисақан ғализа» ең үлкен жауапкершілігі болған сөз ретінде сипаттаған. Жүзге тарта аят отбасы құқығы мәселесіне арналған. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар некені өзінің сүннеті ретінде орнатып: «Некелескендеріңде оны жан-жаққа жариялаңдар, некелеріңді мешітте қидырыңдар, некелескендеріңде дабыл музыка аспабын қолданыңдар» деген хадисі жай ғана келісімді меңземейді, қайта одан да жоғары жауапкершілікті нұсқайды. Неке қию дініміздің негізгі әмірі болғандықтан, қазіргі кездегі жастардың мешітке барып діни некеге тұрулары құптарлық жайт. Бірақ қандай да бір проблема туындай қалған жағдайда, соттың әділдігіне жүгіне алуымыз үшін немесе арада бала болған болса, оны тіркеуде қиындықтарға тап болмас үшін ресми некеге тұруымыз қажет.

Ержан Аманбаев 

Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: