Татулыққа не жетсін!

Татулыққа не жетсін!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір кісі әйелімен еш дұрыс өмір сүре алмапты. Үйлерінде күнде ұрыс-жанжал, түрлі реніштер орын алады екен. Күйеуі ақырында ажырасуға дейін барып, көпті көрген батагөй бір қарияның алдына барыпты. Басынан өткеріп жатқан барлық қиыншылықтарын айтып, ақыл-кеңес сұрапты. Қария біраз ойланып: "-Енді ажырассаң да ешбір өзгеріс бола қоймайды, өйткені бір айлық ғана ғұмырың қалған екен, білгеніңді қыл!", деген екен. Бұл сөзді естіген әлгі кісі сары уайымға түсіп, түсі өзгерген күйде қарияның алдынан шығып кетеді. Жол жөнекей кездескен таныстарынан кешірім мен разылық сұрай бастайды. Үйіне келе әйеліне "Жұбайым, бері таман кел, сені осы уақытқа дейін ренжіткен болдым, мені кешір, менен разы болғайсың!" депті. Әйелі аң-таң. "Бұған не болып қалған?" деп, мейірлене: "Жоға, қайта сен мені кешір, көп сәттерде мен әдепсіздікті көп таныттым", дейді. Екеуінің де жүректері жұмсарып, көздері жасқа толған екен...

Кейін күйеуі қайынатасына барып, бір кездері бір кездері ренжіткен сөздері үшін кешірім сұрайды. Әйелі де күйеуінің барлық туыстарынан кешірім өтінеді. Бір-бірлерін ренжітпеуге уағдаласады. Күйеуі әйеліне еш сыр білдірмейді. Қарияның сөздерін де естіртпейді. Бір ай толуын санай бастайды. Күндер жақындаған сайын ғибадаттарын да ықыластанып орындап жүреді. Мұны байқаған әйелі де ізеттілік жолын ұстанып бағады. Жалпы айтқанда тұрмыстық ғұмырлары күрт өзгереді.

Күндер баста тұрсын ба?! Зуылдап бір айға да толады. Бүгін өледі, мүмкін ертең шығар... Бірақ өлмейді. Анық бір ай деген жоқ, бір ай көлемінде деген шығар деген ойлар да келе бастайды.

Күте-күте сарғая, әлгі дана кісінің алдына барады. Алдына барып, сұрайды:

-Мен өлмедім ғой!

-Өлемін дегені несі?!

-Сіз бір ай ғана ғұмырың қалды деген едіңіз, бір ай болды, мен өлмедім ғой! дейді.

Сол кезде дана кісі:

"Сенің қашан өлетініңді білмеймін, бір білерім, түбі өлесің, бәріміз де өлеміз. Әрбірімізге түбінде бір өлім бары ақиқат! Шын өлетінін білетін адам ақылы болса, ашу-ыза, реніш-жанжалмен өмірін еш уламайды. Қазіргі ғұмырыңа ризасың ба?" дейді.

-Ия, ризамыз, бұрынғыдай емес, қазір татумыз", дейді.

-Олай болса, осы бағытыңнан айныма, жалғастыра бер" деген екен дана кісі.

Ғибраты мол әңгімеден түсінеріміз, Өміріміздегі көп мәселелер өлімнің хақ екендігін ұмытқанымыздан орын алады! Отбасылық татулықты сақтаңыздар ағайын! Отбасыда сақталған татулық болашақ ұрпақтар үшін көркем өнеге!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: