Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы Мырзатай ауылдық «Естай баба» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізіп, «Ұрлық түбі қорлық» тақырыбында насихат айтты.
Аудан бас имамы насихатында: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламды қабылдаған адамдардан маңызды істерді атқарулары турасында серт алған. Сондай істердің бірі – өзгенің мал-дүниесіне зиян бермеу, ұрлық жасамау болған. Хадис шәріпте: «Алла Тағалаға ортақ қоспауға, ұрлық жасамауға, зинақорлыққа бармауға маған серт беріңдер», – деген (имам Бұхари).
«Ұрлық түбі – қорлық» демекші, ұрлықпен келген дүние, жиналған мал ешқашан адамға пайда алып келмейді. Қайта берекетсіздік пен бақытсыздыққа душар етеді. Хакім Абай:
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас,
Сұм нәпсiң үйiр болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың, ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, – деп өзгенің ақысына қол салып, ұрлық жасаудан сақтандырған», - деді.