Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Меккедегі Арафат аймағында «Бір мезетте – бір ниет» дұға тілеу шарасын өткізді. Іс-шараға бес парызының бірін өтеу үшін Арафатта тұрған қазақстандық қажылар қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар құтпа оқып, еліміздің амандығы мен халқымыздың тыныштығы үшін дұға тіледі. Жаратушы Иемізден ұл-қыздарымыздың иманды, ибалы, инабатты болуын сұрады.
«Уа, Жаратқан Ием, біздің жанымыз бен тәнімізді жамандықтан сақта! Қазақ халқының, күллі мұсылман үмбетінің екі дүниеде абыройын арттырып, мерейін үстем еткейсің. Жер бетінде зұлымдыққа ұшыраған мұсылман қауымыңа Өзің жәрдем бергейсің. Елімізді тосыннан келетін табиғи апаттардан, су тасқыны мен от апатынан, жер сілкінісінен сақта», - деді ол.
Сондай-ақ имам-ұстаздар салиқалы уағыз айтып, салмақты дұға тіледі. Іс-шара соңында халқымыздың болашағы жолында шейіт болған тұлғалардың рухына қасиетті Құран аяттары бағышталды.