Біз осы мақаламызда елімізді ортағасырдағы гүлденудің ең биік шыңына жеткізген, ғылым мен білімді жоғары дәрежеде дамытқан Қарахан мемлекеті мен ақсүйектерінің тарихи пайда болуы мен қайдан шыққаны туралы ой қозғамақпыз.
Қарахан қағанаты алғаш рет тарих сахнасына Х ғасырларда шықты. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Азияны тұтасымен жаулап алып, Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу, Мауереннаһр өңірін өздерінің құтты қонысы етеді. Яғни, Қарахан қағанатының құрылуы ол мемлекеттің құрушысы саналатын Сатұқ Бұғра ханның 940 жылы Баласағұн билеушісін тақтан түсіріп, өзін Қара қаған деп жариялауынан басталды дейді. Міне, осыдан бастап тарих бетінде Қарахан деген атау орнығып қалды.
Сатұқ Бұғра Қарахан, толық аты-жөні Сатұқ Бұғра Абд әл-Кәрім ибн Базыр (шамамен 908-955/56) - қолбасшы, Қарахан хандығының негізін қалаушы. Жамал Қаршидың айтуынша, әкесінен ерте жетім қалған. Балалық шағын әкесінің інісі Оғұлшақ Қадырханның қолында, Қашқарда өткізеді. Аңыз бойынша, Сатұқ Қараханның түсіне көктен түскен, тұла бойынан нұр шашқан ақ сақалды, ақ шашты кісі еніп, оған түркі тілінде: “Ислам дінін қабылда! Сен бұл дүниеде және бұдан кейінгі дүниеде мұратыңа жетесің” дейді. Сатұқ ислам дінін қабылдауға ниет етеді. Сатұқ Бұғра Қарахан діни уағыз бен қылышқа қатар сүйене отырып, ағасы Оғұлшақ Қадырханды тақтан тайдырады да, Қашқардан Сырға дейінгі халықты өзіне қаратып, мұсылман дініне енгізеді. Кезінде әкесі билік құрған Қарлұқ қағандығының орталығы Баласағұнды 942 жылы бағындырады . Содан бастап Қарлұқ қағандығы жойылып, оның орнына Қарахан хандығы орнайды. Сатұқ Бұғра Қарахан Артұшта (Қашқарияда) жерленген.
Бір жыр жолдарында Фирдоуси Афрасиабтың батыр ұлдарын сипаттап жазады. Үлкен ұлы Қараханның ерлігін де баяндайды. Қараханды көбінесе аты аңызға айналған атақты Оғыз бабаның әкесі ретінде сипаттайды. Жалпылама айтқанда Қарахан батырдың бабасы да баласы да әлемді жаулаған түркі қағандары екенін ұғынасың. Мұны айтып отырған себебіміз, әлемді жаулаған Шыңғысхан да өзінің ата-баба шежіресін атақты Оғыз қағанға апарып қосады. Ұлы Әмір Темір де шежіресін жазғанда аталарын апарып Шыңғысханның арғы бабаларымен қосып, ол да Оғыз патшаға барып тіреледі. Бірақ, мұның да түбінде бір шындықтың бары ақиқат қой. Әйтпесе, соншама хандар мен әмірлердің өз ата тегін Қарахан – Оғызға апарып бекер қоспасы белгілі де. Тіптен, қырғыз халқының атақты эпосындағы Манас батыр да өзін қырғыз емес, түп атасын Қараханға сілтейтіні жайдан-жай емес болар?!
Түп атасы Түмен хан,
Түмен ханнан Баюнхан.
Баюн ханнан Шаян хан,
Шаян ханнан Қарахан.
Қараханнан Жақыпхан,
Жақыптың ұлы жас Манас,
Жалпы жұртқа бас Манас,
-деп «Манас» жырында да Манастың түбі Қарахан екенін бұлай толғана жырламас та еді. Ал, Әлкей Марғұланның айтуы бойынша Манас Тараздағы Әулие Қараханның інісі болып келеді. Сөйтіп, олардың шежіресін былай таратады: «Сатұқ Боғра хан – Елек Боғра хан – Харун Бурахан(Әулие Қарахан), Қадырхан. Қадырханнан – Үсіп, Жақып. Жақыптан – Манас. Енді осы Манас жырында Манас пен батыр Алмамбет өлген кезде екеуін де әкеліп Талас қаласына жерлейді. Бұл дегеніміз – сол дәуірдегі Тараз қаласы Қарахандық ақсүйектер көп жерленетін ұлы хандар пантеонына айналған қала деген ойымызды растай түседі.
Бұл туралы марқұм Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз өзінің«Қарахан әулеті»атты кітабында да олардың шежіресін былай таратады: Хазіреті Әли Қарамолдах пен Ханафия анамыздан - Мұхаммед ибн әл-Ханафия, одан - Шах Абд әл-Фаттах пен Шаһ Абд әл-Маннан; Шах Абд әл-Фаттахтан - Шах Абд әл-Жафар, одан – Шах Абд әл-Қаһар, одан – Шах Абд ар-Рахман және Шах Абд әл-Рахим; Шах Абд ар-Рахманнан – Ысқақ бап және Абд әл-Жалил бап. Шах Абд ар-Рахимнан құлағымызға сіңісті болған шежірелерде: “Үш бала болды” делініп, екеуінің аттары аталады. Бірі – Абд әл-Кәрім, екіншісі – Абд әл-Хасан» («2011 ж. 59 бет.). Әбдікәрім ағамыз тағы да өзінің осы еңбегінің 12 бетінде: «Қожалар шежіресімен шұғылданып жүріп өздерін Пайғамбардан (с.ғ.с.) кейінгі үш халифа – Хазіреті Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а.), Хазіреті Омар ибн Хаттаб (р.а.) пен Хазіреті Осман ибн Аффаннан (р.а.) тарататын қожаларды да көптеп кездестіріп жүрдім. Бірақ аттары аталған бұл асылзаттар туралы небір керемет хадистерді көрсем де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) олардың ұрпағын “менің әулетім” деп айтқан хадисін кездестірмедім» дейді ағамыз. Тағы да қосып айтарымыз, Хазіреті Әлінің әйелі Ханафия ешқандай да пайғамбар әулетіне жатпайтын, діні, тілі бөлек Рум патшасының қызы еді. Сонда бұл әулет қалайша пайғамбар әулеті болады?
Яғни, оның өмірбаяны мен ұрпақтарының шежіресі жайлы жазылған құнды дүниенің бірі, ортағасырда жазылған«Тазкире-и Бұғра хан»деп аталатын шығарма. Бізге бұл дерек туралы мәліметті алғаш рет жеткізген шығыстанушы ғалым Ш.Уалиханов болатын. Ол өзінің «Қашқар сапарлары» атты күнделігінде Қашқардан осы еңбекті кездестіргенін жазғанды. Қазіргі таңда, аталған шығарма қолымызға тиіп, ортағасырлық түркі мәдениетінің аса құнды жәдігері саналатын осы шығарманы түпнұсқадан тікелей тәржімелеген шығыстанушы Серікбай Қосан деген ғалымымыз болып отыр. Енді осы аталған шығармаға сөз берсек: «Хақ Тағала Әзіреті сұлтан бұл әлемге келмес бұрын бірнеше жыл ілгеріде [оның] рухын Миғраж түні әзіреті Пайғамбар рухының қатарында көрсетті. Әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл қай Пайғамбардың рухы мұнша ұлық дәрежеде Құдай Тағала жаратқан?», – деп әзіреті Жәбірейілден (ғ.с.) сұрады. Жебірейіл (ғ.с.): «Әй, Алланың елшісі, бұл ешбір пайғамбардың рухы емес. Сіздің үмметіңіздің рухы. Ол үмметіңіз сіз дүниеден өткен соң үш жүз отыз жыл өткеннен кейін дүниеге келіп, Түркістан уәлаятында кәпірлерді ислам дініне кіргізіп, Сіздің шариғатыңызды халық арасында әшкереле қылады. Оның аты – Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы» деп жауап берді» дейтін дерек бар. Енді осы аңыздың ел ішінде және ислам ғұламаларының айтуы бойынша басқаша өрбитінін білеміз. Ол аңызда пайғамбар миғражға көтерілгенде Сатұқ Боғра ханның емес, өзінен кейін ислам дінін кеңінен тарататын, насихаттайтын Ахмет Ясауидің рухани нұрын көреді. Осы себептен де Меккеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет деп, Түркістанды екінші Мекке санайтыны. Яғни, Қарахандықтар қалай болғанда да Сатұқ Боғра ханды ислам дінін насихаттағаны үшін Ясауидің аңызымен шатастырып, ұлы тұлға ретінде көрсететіні. Яғни, бұл аңыз бұл шежірелерге бертінде, 15-16 ғасырлардан кейіннен қосылған деуге болады. Міне, түбі Түркілік Сатұқ Боғра ханның ұрпақтары оны қалай дәріптегенін осынау деректен аңғара беріңіз.
Тараздағы Қарахан бабаның шырақшысы Абдолладан жазып алған жазбасы бойынша 866 жылы өлген, ал «Насабнаме» бойынша 896 жылдары өмірден озды дейді.
Осылайша тарихта қасіретті «Талас қырғыны» деген атпен қалды. Ибн ал-Асир мұны түркілердің 10 мың адамынан айырылып, қағанның үй-ішімен қолға түскенін жазады. Соған қарағанда осы шайқаста Базыр Арслан хан мен оның әйел бала-шағасы тұтқынға түскен сияқты. Себебі, осыдан бастап оның есімі аталмайды және баласы Сатұқ Боғраханның осы жеңілістен қашып Қашғарға кеткен ағасы Оғұлшақ Қадірханның қолында 7 жасар жетім бала болып тәрбиеленгені тарихи айғақ және Исмаилдың Тараз қаласын жаулап алып, онда ең алғашқы Ислам мешітін салдыруы да осыған дәлел бола алады. Ал, Оғұлшақ Қадірхан Қашғарға барып, әкесі мен ағасынан қалған түркі халқының басын қосып, өзін Боғра хан деп атайды да ағасының жесір қалған әйелін, Сатұқ Қараханның анасын әмеңгерлікке алады. Яки, бұдан аңғаратынымыз Сатұқ Боғраханның да, оның әкесі Базыр Арслан ханның да Тараз өлкесінде дүниеге келуі және осы Талас аймағын өздерінің құтты мекен санауында жатыр. Сатұқ осы ағасын тақтан түсіріп, өзі қаған болған кезде Тараз аймағын жаудан тазалап, атасы Құл Білге Қадірханға Тараз қаласында мазар салдырды деуге болады. Ал, әкесі тұтқында кеткендіктен оның қайда жерленіп, қайда өлгені тарихта белгісіз күйде екені рас. Бір қызығы, Сатұқ Боғра хан да, Шах Махмұд хан да 95 жыл жасағаны аңыз болып айтылады. Бірақ, тарихта екеуі екі тұлға болғаны анық әрі ақиқат. Екеуі де Әулиеата деген қасиетті есімді иеленеді және екеуі де 40 жыл ел биледі. Мұны тарихшы, прфессор Әлімғазы Дәулетхан ағамыз өзінің «Сұлтан Сатұқ Боғра хан ғазы» атты «Ақиқат» журналының 2019 жылғы 28 желтоқсандағы санында: «Сатұқ Боғра хан таққа отырған 40 жылда Қарахан хандығы бұған дейін түрік халықтары тарихында болып көрмеген өркениеттік дамуға қол жеткізді» деп турасын айтады және оның таққа 915 жылдары отырғанын айғақтайды. Бірақ, осындағы Шах Махмудымыз Ибн әл-Асирдің айтуына қарағанда 95 жыл жасамағаны тағы да дәлелді түрде баяндалады. Сонда 95 жыл жасаған Тараздағы тарихи тұлғамыз – Құл Білге Қадірханның жасы болғаны. Әрі Таразды билеген Шах Махмудтың бабасы жатқан Құл Білге Қадірханның мазарына келіп күндіз-түні құлшылығын жасап, оған сиынып жүргендіктен де халық осы ұрпағының атағы мен бабасы екеуін кейін шатастырып алған-ды. Шах Махмудтың өзі де осы бабасының қасына жерленгені де шындық.
Сонымен, деректерді саралай келе Тараздағы Қарахан баба мазарында жатқан адам, Қарлұқ билеушісі болған және Қарахан мен Қадірхан титулын иемденген Сатұқ Боғра Қараханның атасы Құл Білге Қадірхан болуы мүмкін деген тұжырымды ойды айтқымыз келеді. Себебі, ең алғаш ислам дінін де осы кісі қабылдап, оны ұрпақтарына мирас еткен. Сол жолды ұстанған немересі Сатұқ Боғра хан да ақыры ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялап, дін үшін атасының жолын қуып ғазауат соғысын жүргізді.
Осылайша, ойымызды жинақтап, көптеген тарихи деректерді саралай отырып бір қорытындыға келер болсақ, Тараздағы Әулие Қарахан-Шах Махмудтың орнында Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Әулие Құл Білге Қадірхан жатыр. Себебі, жастайынан жетім қалып, ағасының әкесі ұстап кеткен ислам дініне кірмей, Тәңір дінінде қалғанын құптамай, өзі қаған болған кезде атасынан қалған дінді аманат етіп қабылдаған ол, өзінің түп атасы саналған Құл Білге Қадірханға және оның өзі билеген Тараз қаласында Сатұқ Боғрахан кесене салдырмады деуге бола ма? Әрине, салдырады. Өйткені, оған осы мемлекеттің негізін қалап берген де, ислам дінін негіз етіп қалдырған да сол атасы емес пе?! Ал, Шах Махмудтың да ұрпақтары да оның мазарын осы бабасының қасына жерлеуі әлбетте мүмкін нәрсе. Өйткені, орыс империясы тұсында түсірілген киелі кесененің суреттеріне қарасаңыз, Қарахан бабаның айналасында кірпіштен қаланған көптеген зираттардың болғандығына көз жеткізесіз. Яғни, бұл жер өз кезегінде ұлы хандардың ұрпағы жерленетін киелі де қасиетті пантеон болғандығын байқауға болады. Бірақ, кейін келе Тараз қаласын билеген Сатұқ Қараханның шөбересі Махмуд ханның атақ даңқы, оның ұлы Мансұр Қараханның атағы және кейінгі Шыңғысхан ұрпағы Қайду ханның 40 жыл Таразды билеу кезіндегі аңыз-әфсаналары мен бабалары Құл Білге Қадір ханның аңыздары бір-бірімен араласып, халық кесене кімге салынғанын ұмытып кеткен сыңайлы. Себебі, ұрпақтары олардың тарихын айтқан кезде осы бабаларының өмір сүру кезеңдерін шатастырып алып отырған. Шығыс қағанатты билеген Махмуд ханның атағы басым болып, бабасы Құл Білге Қадірханның өмірден өткен уақытымен алмастырып жібергені байқалады. Қасиетті бабаларымыздың уақыт өте келе ерен ерліктері мен аңызға айналған киелі істерінің барлығы да замана өткен сайын ұмытылып, халық ұлы тұлғалардың тарихи аңыздарын бір-бірімен шатастырып, кімнің кім екенін білмейтін дәрежеге жеткен. Орта Азияны билеген Қарахан ақсүйектерінің бұлайша шатасуына, әзірейілдей жүрек лүпілін жұтқан шығыстан келген алапат жойқын Шыңғысхан шапқыншылығы да әсер еткені белгілі. Сол себепті, ақиқи дін ислам деп, одан басқа діни ағымдарға көзқарасы басқаша болған Қарахан ақсүйектері, Тәңір дініндегі мұғұл ойранынан өздерінің ата-бабаларының жатқан жерлері мен олардың сүйектерін сақтап қалудың амалын жасауды ойлап, бабалары туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер ойлап тауып, өздерін тек пайғамбар ұрпақтары - дін таратушы ретінде ғана көрсетіп қала берді.
Ең бастысы, осынау тарихи оқиғалар артына көптеген ақиқи аңыздар қалдырып, ұлы хандар: Құл Білге Қадір хан, Шах Махмұд Қарахан, Мансұр Қарахан, Қайду хан, Дәуітбек хан, Есенгелді мен Саржан сұлтандар сияқты тұлғалар жерленген Тараз қаласын қасиетті мекенге айналдырып кетті. Тараз – әулие хандардың орталығы болғаны осындай деректерден байқалып тұрғандай. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе және қаламыздың орталығындағы Қарахан баба мазараты жанында ұлы хандар пантеоны болды деген ойымызды растай түсетіндей.
Қарахан кесенесі туралы қысқаша мәлімет- Қазақстанда 11 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Қазіргі Тараз қаласының батыс шетінде. Кесене Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Ша-Махмуд Бұғра Қарахан қабірінің басына орнатылған. Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы 19 ғасырдың 90-жылдарына шейін сақталған. 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзып алынып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған. Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкент ишаны Сайд Бакханов қаржыландырған. Кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды. Қас беті Айша бибі кесенесіне ұқсас болғанымен, кірпіштерінің өрнектеліп қалануы жағынан Бұқарадағы ортағасырлық Исмаил күмбезіне еліктеушілік байқалады. Қарахан кесенесі төрт бұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш кіші бөліктен тұрады. Орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсатылып жабылған. Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қас беті оңтүстікке қараған, ал оның ішіндегі қабір оңтүстіктен солтүстікке қаратыла қойылған. Кірер есігі аркалы қуыспен безендірілген. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы жағын қалауға жаңа кірпіш пайдаланылған.
Тілеуқұлов Қанат Тұмарбекұлы
Байзақ ауданы Бурыл ауылы Ш.Дәуіт мешітінің имамы