Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Байырғы кезеңнен тамыр тартатын көне шаһар бұған дейін сан түлеу мен түрленуді бастан кешкені мәлім. Бүгінде жаңаша кейіпке еніп, жаңғыра түскен тарихи қала облыс айнасына айналғаны ақиқат.
Таразда туған ғалымдар:
Дулати, Баласағұндар.
Қарахан-Айша бибіден,
Ғашықтық ғибрат алыңдар.
Әулие ата – Тектұрмас,
Халқыма құт деп таныңдар.
Кесененің ерекше «Текұрмас» атауына байланысты бірнеше деректер кездеседі. Оның бірі филолог ғалым Ж.Дәдебаевтың айтуынша, Тектұрмас атаның азан шақырып қойған аты Сұлтан Махмұт екен. Оны өз дәуірінде хан сарайындағы бек қызметіне ұсынғанда, бас тартқан. Бектіктен бас тартқан соң, халық оны Тектұрмас деп атап кетеді. Ол қызмет бабымен халық жиналған көп орындарға барып, жолаушыларды түгелімен тексереді екен. Күдікті жайтқа куә болса, арнайы шара қолданып, адамдарды жазалап отырған. Жалпақ жұртқа мезі болған оны, халық ашумен Тектұрмас деп атап, өз наласын білдірген.
Осы ғасырда салынған кесененің биіктігі 14 метрден асады, ал жалпы көлемі төртбұрышты, 7,5 метрден тұрғызылған. Кесене көпшілік орынға арналғандықтан бірінші шырақшылар үйінің құрылысы жүргізіледі. Кейін 300 метр арырақ күмбездің өзі бой көтереді. Екі аралықта арнайы құрылыс плиталары төселіп, айналасы таудың қатпарлы тастарымен көмкерілген. Ағаштар отырғызылып, көгалдандыру мәселесі де шет қалмағанын байқауға болады. Тараз қаласының әсем көрінісін тамашалауға таптырмайтын орын.
Биікте тұрған Тектұрмас әулиенің бейітіне қарап, оның өмірде жасаған жақсылығына қарай алған бағасы дейтіндер де көп. Ісі ақ, жүрегі таза, әділ сөзді, орақ тілді, халықтың қамын жеп, уайымын бөліскен қасиетті әулие жетім мен жесірді жебеп, пақырға қол созып, кембағал жандарға жанашырлық танытқан дейді. Оның осы жақсылықтары үшін халық жамбасы жерге тиген орынды киелі санап, жиі келіп, алақан жайып, дұға оқыған. Халықты адамгершіліктің асыл мұратына үгіттеп, имандылық пен қайырымдылыққа шақырып, әділдік пен ар жолын уағыздаған Тектұрмас әулие заман шындығын айтушы ретінде де сипатталады. Әрдайым ақиқатты іздеген Тектұрмас әулие зерттеушілердің болжамы бойынша ХІ ғасырда ғұмыр кешкен көрінеді. Аталған қасиетті орын – тарихи кесене қала қонақтарының тамашалауға келетін тамаша орынға айналған.
Жайлауов Али Олжабаевич
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Кеңес ауылы,
«Кеңес» мешітінің Имамы