Жаратылған құлдар нәпсілерін өз уысында ұстауы үшін, Алла Тағала мына бір кеңесті берді: «...Ал енді жаратушыларыңа тәубе қылыңдар. әрі өздеріңді түзетіңдер. (Немесе қылмыстыларды өлтіріңдер)...» (2:54). Бұл дерттен құтылудың ең жақсы амалы – қажетсіз, бос нәрелерден бас тарту, бар жан-тәнімен Алла Тағалаға ұмтылу әрі өзін толықтай Оның қалауына беру. Алла Тағала Ибраһимнен (ғ.с.) ұлы Исмаилды (ғ.с.) құрбандыққа шалуды бұйырғанда Ол пайғамбардың (ғ.с.) бойұсынушылығын тексергісі келді.
Ал пайғамбар (ғ.с.) болса Жаратушыға толықтай бойұсынғандығын көрсетіп сынақтан сүрінбей өтті: «Сөйтіп екеуі де ұнап, әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады. Біз, оған: “Әй Ыбырайым!”,- деп, дыбыстадық. “Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз” (дедік)» (37:103-105). Осыдан кейін Алла Тағала Ибраһимге (ғ.с.) ұлының орнына құрбандық шалсын деп үлкен бір қойды нәсіп етті. Жунайд Багдади былай айтқан: «Кімде-кім бұл дүниемен байланысын сақтаса, оған Алла Тағала Жұмақты тыйым салды». Бірде Мұхаммад ибн Абдулла ар-Рази Әбу әл-Касым әл-Мисридің былай айтқанын келтірген: «Ибн Язданиярдан: «Алла Тағалаға құлы қандай ниетпен ұмтылуы керек?» - деп сұрағанда, ол былай жауап берген екен: «Алла разылығы үшін бас тартқан нәрселеріне тіпті де бұрылып қарамайтындай әрі өзі құтылған жаман қылықтарына бұдан былай қайтып оралмайтындай ниетпен ұмтылуы керек».
Осы жауаптан кейін одан: «Бұл сөзіңіз күнәларына тәубе еткен күнаһарларға қатысты. Ал әлсіз иманы бар адам Аллаға қалай ұмтылуы керек?» - деп сұрағанда ғалым: «Өткендегі сәтсіздіктері мен басқа түскен күйініштеріне бой алдырмай, жүрегімен келешек халінің кереметтігін сезіне отырып ұмтылуы керек», - деп жауап берген екен.