Алланың алдында адамдай қадірлі жаратылыс иесі жоқ екендігі белгілі. Құдай Тағала адам баласына сұлу бейне мен ақыл парасаттылық беріп, әрі жер бетінде үстемдік қылсындеп әлем жаратылысын адам үшін бағынышты етіп қойған екен. Енді ақылы бар осындай керемет жаратылыс иесі бола тұра басына қандайда бір сынақ келсе сабыр етпестен өзін - өзі қалайша жазғырып,зұлымдық жолында суицидке апаруға болады.
Асыл дінімізде адамның өз - өзіне қол жұмсауы ол харам болып есептеледі. Себебі адамға берілген ақыл өзге мақұлықтарға берілмеген. Ақыл таразысы әр уақытта жақсы шешім қабылдап, қиындықтан шығуға көмегін тигізіп тұратын ой қалтасы. Сол себепті ақыл деп айтылуыда, адамзаттың жаратылыс хикметіде осында.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: "Өздеріңді өздерің өз қолдарыңмен қауып - қатерге салмаңдар", - деген ("Бақара" сүресі, 195 - аят). Бұл аяттың мағынасы: өздеріңді өздерің өз қолдарыңмен өлтірмеңдер. Бір кісі өзінің өліміне өзі себепші болса, өзін өзі өлтірді деп айтылады. Демек, осыған ұқсас іс болмасын дегені. Имам Әлуси: "Бұл аяттан өлімге себеп болатын нәрсеге бармау керектігін ұғыну керек", - деген.
Жаратқан Алла Тағала келесі аятта: "Өз - өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге мейірімді", - деген ("Ниса" сүресі,29 - аят). Аятта айтылғандай, Алла Тағала пенделерін өз - өздеріне қол жұмсаудан қайтарып тұр. Алланың айтқанына бойысұнбай, пенде өзінің білгенін істесе, азапқа душар болатыны күмәнсіз. Әсіресе, аталмыш тыйым салынған жол арқылы дүниеден өтер болса, үлкен күнә жасаған адам ретінде Алланың азабы мен қаһарына душар болады. Алла иман келтірген пенделеріне мейірім еткендіктен, сол азапқа апаратын жолмен жүруге қатаң түрде тыйым салған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін - өзі өлтірген кісіге қияметте берілетін жаза жайлы былай дейді: "Кімде - кім таудан құлап, өзін - өзі өлтірсе, ол жаһаннам отында мәңгі - бақилыққа құлайды. Кімде - кім у ішіп, өзін - өзі өлтірсе, жаһаннам отында мәңгі - бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде - кім өзін - өзі темірмен өлтірсе, жаһаннам отында сол темірді қолына ұстап, өзін - өзі мәңгі - бақи ұрғылап тұрады" (имам Бұхари, Мүслим).
Тағы бір хадисте ( Алла елшісі оған Алланың салауатыыыы мен сәлемі болсын): "Ешбірің басыңа түскен ауыртпашылыққа бола өзіне өлім тілемесін. Егер адам басқа амалы қалмаса: "Уа, Алла Тағалам! Егер мен үшін өмір сүру қайырлы болса, өмір бере гөр! Ал егер өлім қайырлы болса, жанымды алғайсың" деп айтсын" - деген (имам Бұхари, Мүслим)
Өмір - Алланың пендесіне берген өте үлкен нығыметі әрі аманаты. Ендеше аманатқа қиянат жасамай, өлшеулі өмірдегі сынақтарға сабыр сақтап, өмірді өнегелі өткізсек. "Істің басы - бейнет, соңы - зейнет" демекші, қиындықтың артынан үлкен жақсылық пен жеңілдіктің барын ешқашан естен шығармау керек.
Р. Еспенбетов
Мойынқұм ауданының бас имамы