Құрметті отандастар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық, мол бақыт, мықты денсаулық, бірлік пен татулық тілеймін.
Бүгінгі таңда қоғамда өзара сүйіспеншілік пен сыйластық, бірлік пен құрмет сынды құндылықтарды арттырудың маңызы ерекше. Өйткені, еліміздің игілігі мен бірлігіне үлес қосу – өз болашағымызға үлес қосу.
Алла Тағала қасиетті Құранда біздерге: «Барлығың Алланың дінін бекем ұстаныңдар және бөлінбеңдер...» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырса, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол): «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деп қашан да бірлік туы астында болуды өсиет еткен.
Өздеріңізге белгілі, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында: «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз» деген болатын.
Осы ретте баршаңызды өзара бауырмал болуға және бабалар аманатына адал болуға шақырамын. Жаратушы Жаббар Иеміз халқымыздың бірлігі мен ынтымағын баянды еткей. Бірлігіміз бекем болғай. Әмин.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти