Аталмыш хадис жайлы сенімді дерек көзі жоқ. Бұл хадиске жалған (макзуб) деп баға берілген. Жалпы Ібілістің пайғамбарлармен сөйлескені жайлы деректер ішінде ең танымалысы Мұса (ғ.с.) пайғамбармен болған қиссасы. Ибн Омар (р.а.) әңгімелейді: «Ібіліс Мұсамен (ғ.с.) жолығып қалған кезде: «Ей, Мұса! Сен Алла Тағала өзіне елші етіп таңдаған және сенімен сөйлескен пайғамбарсың... мен тәубе еткім келеді, Раббым мені кешіруі үшін маған араша (шапағатшы) бол»,–дейді. Сонда Мұса (ғ.с.) келісіп, Алла Тағалаға дұға жасайды. Пайғамбар (ғ.с.) Ібіліске келіп: «Саған Адам (ғ.с.) қабіріне барып сәжде етуге әмір етілді, сонда кешірілесің»,– дейді. Сонда Ібіліс тәкаппарланып, ашуға мініп: «Оған тірі кезінде сәжде етпедім, өлгенінде сәжде етемін бе ?! Ей, Мұса! Раббыма мен үшін араша болғандықтан саған айтайын (жақсылығым болсын) мені үш жағдайда есіңе ал. Ашулансаң мені есіңе ал, мен сенің қан тамырыңмен жүремін. Жауға бетпе-бет келгенде есіңе ал, мен ондай адамға бала-шағасын және әйелін есіне салып қашуға итермелеймін. Ет жақын болмаған (махрам) әйелмен отырудан сақ бол. Себебі, мен екеуіңнің араңда елшілік жасаймын»,– деп айтқан екен. Бұл риуаятта екі жайтқа мән беру қажет:
1. Ібілістің болмысы. «Үмітсіз шайтан» деп айтылғандай ол Жаратқанның жарылқауынан ешбір үміті жоқ жаратылыс. Ібіліс сөзінің түбірі үмітсіз болу (әбләсә) етістігінен;
2. Ібілістің үш ескертуі:
– Ашу-ызаға бой бермеу. «Ашу дұшпан, ақыл дос» демекші, қызбалық шайтаннан екенін біліп басылу;
– Отан және ел қорғауда тайсалмау. Сындарлы сәтте әзәзіл адам баласын түрлі айламен азғыратыны айтылып тұр;
- Ар тазалығы. Қаншалықты ер мен әйел тақуа болғанымен, оқшаулануға болмайтындығын ескеру керек. Мұндай жағдайда шайтан қатты азғыратынын ұмытпаған жөн.