ҚҰРАН – ДЕРТКЕ ШИПА, ЖАНҒА ДАУА

ҚҰРАН – ДЕРТКЕ ШИПА, ЖАНҒА ДАУА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні қазақ топырағына сонау VIII ғасырда жетті. Түркі халықтары хақ дінді өзгенің өктем әрекетінен емес, керісінше өзінің жүрек қалауымен саналы түрде қабылдады. Осы кезден бастап түркі жұрты асыл діннің әмірлері мен тыйымдарының түпкі мәнін түсініп, Ұлы Жаратушыға құлшылық жасай бастады.

Дала халқының байырғы дағдылары мен салт-дәстүрлері шариғатпен үндесіп, әлемдік өркениетке қадам басты. Тарихшыларымыз айтқандай, түркі халықтары мұсылмандықты қабылдаған соң бір қырдан асып кеткендей болды. Осы сәттен бастап Ислам діні қазақ халқының рухани тірегіне айналды. Қасиетті Құран Кәрімдегі үкімдерге амал ету, оны ұрпаққа аманат ету бабаларымыздың басты мақсаты болды.

Біз өткен жылы 1-2 қараша күндері Астана қаласында ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте Республика күніне орай тұңғыш рет І халықаралық Құран байқауын өткіздік. Құран байқауына Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, АҚШ, Мысыр, Түркия, Ресей, Кувейт, Гвинея сынды 30 елден келген қарилар Құранды толық жатқа оқып, бақ сынады. 

Халықаралық Құран жарысына Қазақстан, Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстаннан келген әлемге танымал, тәжірибелі қарилар қазылық етті. Екі күнге созылған жарыс мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың ресми әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан тікелей эфир арқылы көрсетілді. Айтулы іс-шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – бабалар аманатына амал ету, Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс екенін атап өтті. Президент өз сөзінде: «Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын», – деген болатын. Президентіміздің әлемдік мінберде айтқан бұл үндеуін бүкіл Ислам әлемі зор қуанышпен қабылдады. Қасиетті кітабымызды қорғап сөйлеген Мемлекет басшысына бір Алланың өзі қорған болғай!

Өздеріңізге белгілі, Ислам әлемінің ғұламалары Швецияда қасиетті кітабымыз Құран Кәрімді өртеу оқиғасына қатысты дүниежүзі халқына үндеу жолдаған болатын. 200-ге жуық мұсылман елінің мүфтилері мен ғалымдары бас қосқан халықаралық онлайн конференцияға қатысып, өз ойымды білдірдім.

Расында кім Құранды құрметтесе, Аллаға құрмет көрсеткен болып саналады. Ал Құранды кемсіткен адамның әрекеті Алланы кемсіткенмен тең. Демек Құранды қорлаған адамды Құдайдың өзі қорлайды. Шын мәнінде Құранды сақтаушы да, қорғаушы да – бір Алла. Бұл туралы қасиетті кітабымызда былай баяндалған: «Шүбәсіз осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және Біз оны сөзсіз сақтаушымыз» («Хижр» сүресі, 9-аят). 

Құранды өртеу – шектен шығудың ең үлкені. Олар өздерінің сорақы әрекетімен бүкіл әлемге бүлік салып отыр. Құранды қорлаған, оны өртеген адамды Алланың әділ үкіміне тапсырамыз. Менің ойымша, олар өздерінің өрескел әрекетімен өзінің адамға тән болмысын қорлады. Масқара ісімен өзі масқара болды. Біз осы оқиғадан кейін еліміз бойынша мешіттерде «Құранға құрмет» тақырыбында жұма уағызын айттық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы бойынша әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны қарашаңырағымыз – мүфтиятқа ресми түрде табысталды. Құнды жәдігерді күллі түркі жұртының төріне баланған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойдық.

Менің ойымша, әлемде болып жатқан осындай өрескел әрекеттер Құранға деген сүйіспеншілігімізді арттырып қана қоймай, Құран құндылықтарын дәріптеу бағытындағы жұмыстарымызды жандандыра түсу керек. Осы бағыттағы қызметімізді жетілдіре түсу үшін жыл сайын әр қалада республикалық Құран байқауын өткізіп келеміз. Былтыр Ақтауда ХІІ республикалық Құран жарысы сәтті өтті. Қазір елімізде ҚМДБ-ға қарасты 13 қарилар даярлау орталығы жұмыс істейді. Сайып келгенде, осындай игі істердің нәтижесінде қасиетті Рамазан айында тарауық намазын өтейтін шетелдік қариларға деген қажеттілік жыл сайын азайып келеді. Алла қаласа, болашақта мешіттерімізді өз қариларымызбен толық қамтамасыз етеміз.

Аллаға шүкір, жамағаттың Құран оқу сауаты да күн санап артуда. Тіпті жамағат арасында Құранды көп жаттаған, тәжуид ережесіне сай дұрыс оқи алатын азаматтар қатары көбеюде. Өткен жылы еліміз бойынша 7 335 адам Құран жаттау курсынан өтті. Алғаш рет елімізде 32 шәкіртке Құран ижазасы куәлігін табыстадық. Бұл – жақсы көрсетіш. 

Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру үшін ҚМДБ жанынан Құран секторын аштық. Аталған сектор Қарилар даярлау орталықтарының жұмысын жандандыруға, Құранды сауатты оқитын имамдар шоғырын қалыптастыруға, Құран жарыстарын сапалы әрі нәтижелі өткізуге жан-жақты үлес қосатын болады. 

Шынтуайтына келгенде, қасиетті кітабымызда жазылған Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан хадистері барша мұсылман баласын Құран оқуға, оны жаттауға жігерлендіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Құранды оқыңдар, өйткені, ол Қиямет күні оны оқығандарға шапағатшы болады»

Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді. Осы ретте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына бір хадис адамға ерекше ой тастайды: «Шын
мәнінде, Құранның мысалы – аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Ал егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы»

Құранды ашып, оны оқып, аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды. Құран оқылған үйге Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған үй ерекше нұрға бөленеді. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Жер бетіндегілерге жұлдыздар қалай көрінсе, Құран оқылған үй де көктегілерге дәл солай көрінеді».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Құранның әрбір (жатталған) аяты (жаттаған кісінің) жәннаттағы дәрежесін көтереді және үйлерінде (оқылған Құран) шамдар секілді (көктегілерге жарық шашады)» деп баяндайды. 

Алла Тағала қазақ даласын, осынау қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан баршамыздың жүрегімізді Құран нұрымен нұрландырып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: