Құран Кәрімде «су» сөзі 63 рет қайталанады. Құранда Алланың күллі жаратылысты судан жаратқаны айтылады. Су – тіршілік көзі, өмірдің қуаты. «Судың да сұрауы бар», деп бекер айтпаған. Бір күні Сағд атты сахаба дәрет алып жатқанда, қасынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып: «Уа Сағд! Андағы не деген ысырап!» – деп сұрайды. Сол кезде Сағд: «Дәрет алғанда да ысырап бола ма?» – деп таңғалады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, болады. Өзеннің жағасында болсаң да, ысырап етуші болма», – деп ескертіп, барлық адамзат баласы ұстанатын қағиданы бекітіп берді (имам Ахмад).
Сол үшін біз суды орынсыз және босқа пайдаланбауымыз керек. Судың өміріміз үшін өте қажетті екенін ата-бабаларымыз бұрыннан айтып келе жатыр. Су болмаса, біз өмір сүре алмаймыз, себебі айналадағы өмірге қажетті заттардың барлығы суға тәуелді. Суды ластамауымыз керек. Себебі су деген тіршіліктің жаны. Оны ластайтын болсақ, зиянды заттармен, бізге әрі қоршаған ортамызға дазиян келері сөзсіз. Өкінішке орай, әлемде суды ластап жатқан жалғыз жаратылыс – ол адамзат!
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы: «Лағынетке ұшырағандардың қатарында болудан сақтаныңдар», – деп айтады. Сонда сахабалар: «Олар қандай адамдар?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көпшілік жүретін жолға, саялы көлеңкеге, суға және ағаштардың түбіне дәрет сындырып былғайтындар», – деп жауап береді. Тағы бір хадисте «Сендерден ешкім жуынуда қолданатын, ақпайтын тоспа суға дәрет сындырмасын,», – деген (имам Бұхари).
Суға дәрет сындыру – суды ластаудың бір жолы ғана. Шариғат осыған тыйым салу арқылы негізінде суды ластаудың басқа да жолдарына тыйым салып тұр. Мәселен, зауыт-фабрикалардың қалдықтарын суға ағызу, мұхит, теңіз, көл және өзендерге қоқыс тастау арқылы экологиямызға орасан зор қиянатты адам баласы жасап отыр.
Әрине, су барлығымызға өте қажет, бірақ жылдан жылға су азайып бара жатыр. Мысалы: Арал мен Каспий теңізінің сулары құрғап бара жатыр. Су әлемнің басқа жерлерінде мөлшерден тыс көп пайдаланғанмен қатар, жер шарымыздың басқа да экологиялық мәселелеріне байланысты азайып жатыр. Менің ойымша, су қорлары азаймау үшін, су шаруашылық кешендері үздіксіз жетілдіріліп отыруы керек. Су қорын қорғау және тиімді пайдалану шаралары, масштабы мен техникалық шаралары мен шешімдері бойынша әртүрлі, оның барлығы кешенді шараларды жүзеге асыруды талап етеді. Сонымен қоса, судың сапасы нашарламауы керек. Біз осының барлығын қазіргі кезден бастап, болашаққа суды және тағы басқа ресурстарды жақсы қалпында қалдыруға міндеттіміз деп ойлаймын!
Кенбаев Ахмет Жетпіспайұлы,
Байзақ ауданы Аққия ауылдық мешітінің имамы