Жақсы мінез – тақуалықтың белгісі

Жақсы мінез – тақуалықтың белгісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен!


Барлық мақтау күллі әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Алланың игілігі мен сәлемі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын), оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ең көркем түрде ергендерге болсын!

Адамға дүниеде және ақыретте зиян тигізетін нәрселердің барлығы жаман мінезден туындайды. Барлық нәрседен бұрын мұсылман баласы  тақуа, көркем мінез  иесі болуға тырысу керек. Тақуалық -  ғибадаттың ең құндысы. Мұсылманның ізгі сипаты тақуалық туралы аят-хадистер көп . Мысалы, қасиетті Құран Кәрімде: «Ақиқатында, Алланың құзырындағы ең ардақтыларың – ең  тақуаларың» (Хужурат, 13-аят), «Ақиқатында, Алла тақуаларды жақсы көреді» («Тәубә» сүресі, 7 –аят), «Ал (қисапсыз нығметке толы мәңгілік бақыт мекені) Ақырет болса – Раббыңның құзырында тақуалардың еншісінде» («Зухруф» сүресі, 35-аят) деген ғажап аяттар бар. Ал, хадистерде былай делінеді: «Алла елшісінен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) адамдардың Жәннатқа кіруіне ең көп септігін тигізетін амалдар сұралғанда, Ол: «Тақуалық пен көркем мінез-құлық», – деп жауап берді. Ал адамдардың тозаққа кіруіне ең көп септігін тигізетін амал жайында сұралғанда: «Тілі мен жыныс мүшесі», – деді» (Тирмизи жеткізген); «Уа, адамдар! Сендердің Раббыларың бір емес пе? Әкелерің де ортақ емес пе? Арабтың араб еместен және араб болмағанның да арабтан артықшылығы жоқ емес пе? Жүзі қызылдың жүзі қарадан, жүзі қараның жүзі қызылдан артықшылғы жоқ. Олардың артықшылығы – тақуалықта» (Ахмад жеткізген). Енді осы тақуалыққа жетудің бірден – бір жолы тілге сақ болу. Мұсылман екінші бір адамға қолымен де, тілімен де кесірін тигізбейтін адам. Мұсылман адамның айналасы сенімге үйір болуы керек. Адам ақыретте көтере алмайтын жүк, төлей алмайтын есеп арқалағысы келмесе, ең әуелі тіліне ие болған жөн. Тіл өсек айту үшін емес, Алланы ұлықтау, шүкіршілік қылу, жақсы нәрселер айту үшін берілген. Тіл адамның шынайы келбетін көрсетеді. Жүректе имандылық, даналық болса адамның сөйлеген сөзі сондай мәнді- мағыналы болады. Тілді жаман сөздерден, ғайбаттардан сақтап, сөзімізге аса мән бергеніміз дұрыс.

Абдразахов Азамат

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: