ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген.«Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы», - деп Әл-Фараби атамыз айтқандай,  адам баласы жеке өзінің, отбасының және қоғамдық тәртіпті сақтауды діннің талабы деп білуі тиіс.

Әлемдердің Раббысы Алла Тағала бүкіл жаратылысты жоқтан бар етіп, оларды иләһи (тәңірлік) жүйе мен тәртіпке бағындырып қойған. Осы тәртіппен аспан әлеміндегі планеталар, жұлдыздар бір-бірімен қақтығыспай, миллиардтаған жылдар бойы орасан жылдамдықпен қозғалыс үстінде.

Алла Тағаланың жаратылыстарының барлығы осындай керемет тәртіпке бағынып тұрғанда сол жаратылыстарының ішіндегі ең көркемі деп танылған адам баласының өмірінде бейберекетсіздік орын алуына болмайды. Дінімізде мұсылман адамның құлшылығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мінез-құлқы сынды барлық істері белгілі тәртіптен тұрады.

Ораза ғибадатына мән келер болсақ, парыз ораза айлардың ішінде белгіленген арнайы айда ұсталады. Ораза ұстаушы белгілі уақытта ауыз бекітіп, белгілі уақытта ашуы тиіс. Зекетті де нисап мөлшері жеткен адамдар мал-мүліктерінің белгілі мөлшерін, арнайы уақытта береді. Қажылық ғибадаты да арнайы шарттармен белгілі уақытта, арнайы жерде орындалады. Алла Тағаланың біздерге жүктеген ғибадаттарының осындай тәртіпке негізделуі – біздер үшін үлкен тәрбие. Бұдан мұсылман адам үшін тәртіптің маңызы өте үлкен екенін түсінеміз.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар.

Отбасы мүшелерінің бақытты да баянды ғұмыр кешулері үшін отбасында белгілі бір тәртіп пен жүйе болғаны дұрыс. Халқымызда дінімізбен ұштасқан отбасында үлкендерді құрметтеу, олардың ризалығын алу, ер мен әйелдің бір-бірін сыйлауы, дастарқанда ең әуелі үлкен кісі бастап асқа қол салу, астан кейін бата жасағаннан соң тұру сияқты тәртіп пен тәрбиемізді көрсететін істер көп. Ерлі-зайыптының өз отбасылық міндетін атқаруы да отбасындағы тәртіпке жатады.

Осындай тәртіп пен жүйе, өзара сыйластық қалыптасқан отбасында береке орнайды. Жүсіп Баласағұни: «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деп айтқанындай, отбасында әдеп пен тәрбиені, тәртіп пен жүйені көріп өскен балалардың бойында да ізгі қасиеттер көрініс табады.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға заңға бағыну, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау сияқты т.б. істер жатады.

Құқықбұзушылық – қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол әрқашан орын алады. Сондықтан әр адам баласы заңға бағынуы керек. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың негізі тәртіпке байланысты, заң алдында баршаның жауапкершілігі бірдей.

Қазақстан Республикасының Конституциясында әрбір азаматтардың құқықтары мен міндеттері белгіленіп, егеменді еліміздің даму болашағын айқындайтын қағидалар қарастырылған. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Заңның мықтылығы атында емес, адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат  қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу заман талабы.

«Тәрбие басы – тал бесік» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Адам баласына ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Халқымызда отбасының басты қазығы, алтын тіреуі, діңгегі – бала, ал баланы тәрбиелеу отбасынан басталады. Сол себепті ата-бабамыз әрқашанда бала тәрбиесіне аса мән берген.

Халбаев Мұхтар Мэльсұлы

Байзақ  ауданы Мырзатай ауылы

"Естай баба" мешітінің  имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: